«Астана Опера» театры елордалық оқушыларға экскурсия өткізуде

АСТАНА. 13 қараша. ҚазАқпарат - «Астана Опера» театры Астана қаласының 5-10 сынып аралығындағы оқушыларға тегін экскурсия өткізуде, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен.
None
None

Балалар жаңа өнер шаңырағымен танысып, сахна сыртын тамашалап, үлкен қозғалыс механизміне көз жеткізіп, театрдың мұражайы мен камералық залын көре алады. Театр әкімшілігі орта мектеп оқушыларының театрда өздерін қалай ұстайтыны жөнінде ереже әзірледі.

Алғашқы болып «Астана Операны» 4 қарашада 59 мектеп оқушылары тамашалады. Балалар Ресейдің Үлкен театрынан әкелінген экспонаттарды қызығушылықпен қарап шықты. Оқушыларға жаңа Өнер шаңырағының басты залы көрсетіліп, сол жерде олар бір-екі нотаны дауысқа салып та көрді, ал театрдың камералық залында оқушылар француз және итальяндық шеберлерінің суреттерін тамашалады.

«Астана Опера» театрының директоры Төлеген Мұхамеджанов оқушыларға тегін экскурсия ұйымдастыру жобасын жүзеге асырудың негізінде жас қазақстандықтарды тәрбиелеп, өскелең ұрпақтың бойында мәдени, этикалық және эстетикалық құндылықты қалыптастыру жатқанын атап өтті.

Экскурсия сейсенбі мен жексенбі аралығында жүреді. Аталған күндерде экскурсия күніне екі рет өтеді және әр топ 40 адамнан құралады. Жұмыс уақыты: 11.00 -12.30, 15.00-16.00.

Көлік шығыны мен балаларды театрға жеткізуді Астана қаласы білім басқармасы өз жауапкершілігіне алды. Болашақта театр мұндай экскурсияны ниет білдірген Республика оқушыларына да өткізеді.

Соңғы жаңалықтар