«Астана опера» театры опера және балет жұлдыздарының жеке бұйымдарын көрмеге қойды
Онда Мұхтар Әуезовтың либреттосын тыңдап, Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский, Мұқан Төлебаев, Күләш Байсейітова сынды қазақ өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан танымал тұлғалардың пайдаланған бұйымдары мен сахналық костюмдерін көре аласыз. Ұйымдастырушылардың сөзіне сүйенсек, бұл құнды заттар аз уақытта жиналған.
Кенжеғали Мыржықбай, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, опера әншісі:
«Бір байқағаным, Кәукен Кенжетаевтың костюмі жоқ екен. Бұл енді бастама ғана. Енді әрбір әнші, бишілеріміздің костюмдерін жинап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырсақ деймін».
«Сахна шежіресі» деп аталатын көрмеге опера және балет жұлдыздары, қылқалам шеберлерінің 21 сахналық костюмі қойылған. Сондай-ақ, бағалы 11 картина, 1000-нан астам фотосурет те көрме көркін кіргізген.
Априза Құсайынқызы, Мемлекеттік «Астана Опера» опера және балет театры мұражайының меңгерушісі:
«Тізім құрғанда «негізін салған кімдер, қазір кімдер жұмыс істейді» деп 100-ден астам адамның тізімін жасадық. Олардың бәрін жинауымыз керек. Қазір 21 костюм жинадық. Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрына бардық».
Ғазиза Жұбанова, Литиф Хамиди, Еркеғали Рахмадиев, Роза Бағланова, Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегенова, Нұржамал Үсенбаева сынды өнер саңлақтарының өнері мен өмірінен сыр шертетін көрме шілдеге дейін жалғасады. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта ауқымын кеңейтіп, жаңа экспонаттармен толықтыруды жоспарлап отыр.