«Астана Опера» театры Ресейдің бас сахнасында жаңа балет туындысын көрсетті

МӘСКЕУ. ҚазАқпарат – «Астана Опера» театры Мемлекеттік Кремль сарайының сахнасында «Бақшасарай фонтаны» балетінің тұсауын кесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

«Астана Опера» театры Ресейдің бас сахнасында жаңа балет туындысын көрсетті

Талғампаз көрермен назарына сазгер Борис Асафьевтің драмалық балетінің бірегей нұсқасы ұсынылды. Бұл спектакльдің таңдалуы кездейсоқ емес – биыл музыка әлемі көрнекті хореограф Ростислав Захаровтың туғанына 115 жыл толуын кеңінен атап өтіп жатыр. Оның «Бақшасарай фонтаны» - драмалық балет өнерінің үздік үлгілерінің бірі. Әдеби негізі Александр Пушкиннің аттас поэмасынан алынған.

Тұрлыхан Тойған Гирей ханның рөлін сомдады. «Астана Опера» балетінің жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Басбаева нәзік Марияның партиясын орындады. Жалынды Зареманы балет солисі Анастасия Заклинская, Вацлавты Данияр Жұматаев, Нұрәлі рөлін Қуат Кәрібаев ойнады.

Солист Мәдина Басбаева татарлар тұтқындаған нәзік, жеңіл әрі ғашықтық сезімі құшағындағы поляк қызының бейнесін ішкі жан дүниесі арқылы беруге тырысқанын айтты.

«Бұл – жаныма өте жақын партия, мен оны бірінші рет билеп тұрған жоқпын. Кремльде өзіміздің кәсіби шеберлігіміз бен қазақстандық әртістер мен «Астана Опера» театрының жоғары деңгейін көрсете отырып, Марияның партиясын ұсынғаныма өте қуаныштымын. Кремльде өнер көрсетуіміз бәрімізді қатты толқытты», - деді М. Басбаева.

Мәскеулік көрермен қазақстандық әртістердің орындаушылық шеберлігін ғана емес, сонымен қатар көрнекті итальяндық сахна суретшісі Эцио Фриджерионың талантын, «Оскар» сыйлығының иегері, костюм жөніндегі суретші Франки Скуарчапиноның нәзік талғамын, сондай-ақ жарықтандыру және проекциялау суретшілері – Винисио Кели және Серхио Металли шебер пайдаланған жаңа технологияларды жоғары бағалады.

«Солистер де, Мария партиясы да өте тамаша. Бұл – әлемдік деңгейдегі солистер. Оларды тағы басқа да спектакльдерден көреміз деген үміттемін. Труппаның деңгейі өте жоғары.

Аталған спектакль осы редакцияда ондаған жыл бойы қойылмады, яғни бұл – тарихи оқиға. Балет сүйетін көрермен үшін өте маңызды. «Астана Опера» спектакльді хореографияға деген сондай байыпты да мұқият қатынаспен орындады. Сонымен қатар, труппа мен режиссураның жоғары деңгейінің арқасында заманауи сипат алды. Бұл – нағыз сый және Мәскеудің мәдени өміріндегі айтулы оқиға», - деді ресейлік балет сыншысы Марина Талганова.

Бұл кеште балетсүйер қауым қазақстандық әртістердің шығармашылығымен танысуға ерекше мүмкіндік алды. Әртістер мәскеулік көрерменнің ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленді.