«Астана Опера» театры ұжымы Қытайда өнер көрсетуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана Опера» театрының балет труппасы Қытайдың Үрімжі қаласына мазмұнды бағдарлама алып бармақшы. Әртістер 25 және 26 қыркүйекте, Шыңжаң театрының сахнасында өтетін Гала балетте өнер көрсетеді, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.
30 астам биші классикалық балет мұрасынан нөмірлер орындайды. Мәселен, аспан асты елінің көрерменіне Ц. Пунидің «Эсмеральда» балетінен Па-де-сис, Й. Байердің «Қуыршақтар перісі» балетінен трио, К. Сен-Санстың «Өлім алдындағы аққу», Л. Минкустың «Дон Кихот» балетінен па-де-де, Н. Римский-Корсаковтың «Шехеразада» балетінен дуэт және тағы басқаларын ұсынады.
- Біз Халықаралық Шыңжаң би фестиваліне барамыз, бұл, бір жағынан, мәдени тәжірибе алмасу болады. 2014 жылы қытайлық би өнерінің шеберлері «Астана Опера» театрының сахнасында өнер көрсеткен. Ол кезде әртістер әлемді өздерінің қызықты да күрделі қойылымдарымен қайран қалдырды, дегенмен, жалпы алғанда, олар көбіне басты назарды қытайдың халық билеріне аударды. Біздің міндет - жергілікті көрерменге олардың сахналарында сирек қойылатын бірыңғай классикалық балетті паш ету. Қытай көрерменінің балеттің бұл түрін қалай қабылдайтыны бізге байланысты. Ол үшін біз барымызды салып, тырысамыз, - деп атап өтті балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова.
Әртістермен бірге барлық команда - костюмерлер, гримдеушілер, жарық суретшілері, дыбыс және бейнеоператорлар барады. Концерттік бағдарлама бір бөлімнен тұрады. А. Заклинская, Ж. Ахмедиев, А. Төлепова, Б. Тоносаки, М. Шәкімова, М. Китамура, Г. Жантемір, Э. Сәрсембаев, А. Оразов, Н. Аймұхаметова сияқты жас әртістермен қатар қазақстандық танымал бишілер - Г. Усина, М. Баспаева, Ә. Бекетаева, Р. Сейітпеков, Б. Адамжан және басқалары да өз шеберліктерін көрсетпекші.
- Әртістер үшін өздерінің туған сахнасында өнер көрсетумен қатар, гастрольдік тәжірибе де өте маңызды. Неғұрлым үлкен сапарға шықса, соғұрлым олар жаттығып, шыңдалады. Әрбір әртіс өзінің үздік нөмірін көрсетеді, мысалы, балеттің жетекші солисі Әйгерім Бекетаева К. Сен-Санстың «Өлім алдындағы аққуын» дайындайды. Әйгілі балерина бұл нөмірді өз нұсқасында тамаша жеткізетіндігімен танымал екенін білесіздер. Сондай-ақ, бағдарламаға біздің сахнада жақында қойылған балеттерден нөмірлер енгізілді. Мысалы, М. Жаррдың «Париж Құдай Анасының соборы» балетінен дуэт ұсынылады, оны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Рүстем Сейітпеков және Мәдина Баспаева орындайды, - деп түсіндірді А. Асылмұратова.