«Астана Опера» театрында алғаш рет оперетта мен мюзикл қойылады - «Астана кештері» фестивалі

«Астана кештері» IV халықаралық өнер фестивалі Астанада 4-6 маусым аралығында өтеді.
Фестиваль «Дегдар» қайырымдылық қорының төрағасы Дариға Назарбаеваның бастамасымен өтеді. 2012-2013 жылдары фестивальді әлемге танымал музыкатанушы Святослав Бэлза жүргізді. Жоба концерттерінің біріне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысқан болатын.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба қайырымдылық мақсатында ұйымдастырылып, билеттер тегін таратылады. Фестиваль ұйымдастырушылары халыққа әлемдік мәдениет шедеврлерін таныстыруды мақсат етіп қойды.
«4 маусым күні «Астана Опера» сахнасында алғаш рет классикалық оперетта мен мюзикл қойылады. Осы күні «Оперетта кеші» атты концертпен Дариға Назарбаева өнер көрсетеді. Сонымен қатар алғашқы күні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сүндет Байғожин, Андрей Трегубенко, Башқұртстанның еңбек сіңірген қайраткері Альфия Каримова, халықаралық байқаулардың лауреаты Мейір Бәйнеш, мәскеулік дирижер Михаил Хватынец, «Астана Опера» театрының хоры, балеті мен оркестрі, Vivat және Алексей Велижаниннің шоу балеттері келеді», - деп атап өтті Т.Орманшиев.
Фестиваль сахнасында халық, классика және эстрада саласының өзге де әншілері өнер көрсетеді. Соның ішінде, ресейлік «Кварто» тобы мен Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрі, Айман Мұсақожаева, Лариса Долина және әзербайжандық «Мугам» ансамблі бар.
«5 маусым күні әлемдк фортепиано және вокалдық музыканың кеші болады. Оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Тимур Орманшиев пен Азамат Жылтыркөзов, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Арман Тілеубергенов қатысады. Сонымен қатар әнші Гүлзат Дауылбаева ән салады. Мен оны қазақтың Монсеррат Кабальесі деп атар едім. Гүлзат - жұмсақ әрі әдемі тембрдің иесі. Оның даусы барлығын таңқалдыратыны сөзсіз. Ал 6 маусымда қазіргі заманғы балеттің кеші өтеді», - деп атап өтті фестиваль жетекшісі.
Фестиваль 4 және 5 маусымда «Астана Опера» театрында өтеді. Фестивальдің қорытынды кеші Бейбітшілік және келісім сарайында болады.
Билеттер тегін болады. Т.Орманшиевтің айтуынша, 1 маусым күні Бейбітшілік және келісім сарайында 3 мыңға жуық билет таратылмақ.