«Астана Опера» театрында Дж. Вердидің жеке операсы - «Травиата» көрерменін күтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дж. Вердидің «жеке» операсы - «Травиата» көрерменін 4 және 26 наурызда күтеді, деп хабарлайды «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі.

«Астана Опера» театрында Дж. Вердидің жеке операсы - «Травиата» көрерменін күтеді

Хеннинг Брокхауздың қойылымы «Травиатаны» әдетте көріп жүрген таза мелодрама түрінде емес, Дж. Вердидің бастапқыда ойластырғанындай етіп қабылдауға жетелейді. Сахнаны әртүрлі қырынан көрсетуге мүмкіндік беретін орасан зор айна қоюшының адам сенгісіз қиялының бір бөлігі ғана. Соңғы көріністе ол сахнаның қара фонынан басқа ешнәрсені көрсетпей, осылайша режиссердің жеткізейін деген ойы - қиялдың ғайып болатынын шегелей түседі. Виолетта өмірден озған соң, айнаның кескіндері көрерменге қарай бұрылып, осылайша оларды да спектакльдің қатысушысы етеді.

Әдетте «Травиатаның» бұған дейінгі қойылымдарында хор әртістерін ұқсастығы салдарынан бір-бірінен ажырату қиын еді, ал бұл нұсқада хордың әрбір нәзік жанды әншісі Травиатаны - Виолетта Валериді түрлі қырынан сомдайды десе болады. Оның айнадағы әр кескінінің өзіндік дара мінезі, стилі бар. Сондай-ақ әрбір ер азамат - хор әртісі Альфредтің мінезін түрлі қырынан аша түседі.

Сахнаға жарқырап шығып, кейіпкерлердің бейнесіне терең үңілетін қазақстандық орындаушылар: Виолетта - Жәмиля Жарқымбаева, Әлфия Кәрімова, Айзада Қапонова. Альфред - Мейір Байнешов, Жорж Жермон - Талғат Мұсабаев. Дирижерлік тізгінде - маэстро Абзал Мұхитдинов.

«Камелия ұстанған ханым» романының желісімен жазылған опера, алғашқы рет «Ла Фениче» театрында 1853 жылдың 6 наурызында қойылған. Либретто авторы - Франческо Мария Пьяве. «Астана Опера» төрінде оның тұсаукесері 2014 жылдың 22 қазанында үлкен табыспен өтті.