«Астана Опера» театрында Гайдн мен Моцарттың шығармалары орындалады
АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - 2014 жылдың 16 қаңтарында «Астана Опера» театрының Камералық залында «Ұлы есімдер: Й.Гайдн, В.Моцарт» атты концерт өтеді. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлады.
Кеште «Астана Опера» театрының тамаша солистері: ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова (сопрано), Салтанат Ахметова (сопрано), халықаралық конкурстардың лауреаты Марат Зәкәриянов (труба), Рақымжан Баспаев (фортепиано) өнер көрсетеді.
Бірінші бөлімде белгілі композитор Й. Гайдн шығармалары шырқалады, соның ішінде әйгілі шығармалардың бірі - «Астана Опера» театрының балалар опералық студиясы аспаптар ансамблі орындайтын «Балалар симфониясының I бөлімі» бар. Екінші бөлімде дара туған австриялық композитор В. Моцарттың шығармашылығы паш етіледі. Ұлы классиктердің музыкасын «Астана Опера» театрының камералық оркестрі орындайды.
Музыкатанушы Сәуле Мәулетова концерттің көрнекті веналық классиктердің шығармашылығына арналатынын атап өтті. «Вольфганг Амадей Моцарттың ұстазы Йозеф Гайдн классицизмнің негізін қалаушы болып табылады. Бұл екі композитордың шығармалары әр түрлі: Моцарттың музыкасы жасампаз, айқын келсе, Гайднның музыкалық тілі ұстамды», - дейді Сәуле Мәулетова.
«Біздің алдымызға қойған мақсатымыз - сахнаға классицизм дәуірінің райын беріп, ұлы композиторлардың музыкасы арқылы көрерменді сол бір өткен ғасырға сапар шектіру. Көрерменге арналған тосын сыйымыз көп», - деп атап ол.
Концертте халықаралық конкурстардың лауреаты, Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваторияның түлегі Рақымжан Баспаев дирижерлік етеді.