«Астана Опера» театрында итальян композиторы Дж.Пуччинидің шығармалары ойналады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 6 сәуір күні «Астана Опера» театры Джузеппе Акуавиваның авторлық концерті – «Пуччини-гала» кешін өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None
None

Итальян маэстросы Джузеппе Акуавиваның авторлық концерті – «Пуччини-гала» кешіне орындаушылардың жұлдызды құрамы қатысады. 6 сәуір күні театрдың Үлкен залы сахнасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері сопрано Салтанат Ахметова, Жұпар Ғабдуллина, Бибігүл Жанұзақ, тенор Медет Чотабаев, Жан Тапин, Мейір Байнеш, баритон Талғат Мұсабаев және дирижер Джузеппе Акуавиваның жетекшілігімен «Астана Опера» симфониялық оркестрі өнер көрсетеді.

«Пуччини-гала» бағдарламасының көркін театрда алғаш рет орындалатын туындылар қыздыра түспек. Осылайша, тыңдармандар ұлы итальян композиторы Дж.Пуччинидің шығармалары – «Виллисалар» операсынан «Мыстандар биі» мен L’abbandono, «Қарлығаш» операсынан «Дореттаның керемет арманы» дуэті мен Бриндизи көрінісі (квартет), «Анжелика әпке» операсындағы ариямен таныса алады. Бұдан бөлек, әртістер Дж.Пуччинидің баршаға танымал әрі сүйікті шығармалары – «Манон Леско» операсынан Лесконың Donna non vidi mai ариясы, «Мадам Баттерфляй» операсынан ария, «Джанни Скикки» операсынан Скиккидің ариясы және т.б. ұсынады.

Музыкалық кешке «Астана Опера» хоры қатысады, театрдың бас хормейстері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.

Дж.Пуччини музыкасының көрнекті білгірі – танымал итальян дирижер, концерттің бастамашысы Джузеппе Акуавива жұртшылыққа арнап көптеген тосынсый даярлады.

«Астана Опера» әртістерімен көптен бері жұмыс істеймін, олармен бірлесе музыкалық қызметті жүзеге асыру маған зор қуаныш сыйлайды. Пуччини – автор, оның шығармашылығын ұзақ әрі мұқият зерделедім. Біріншіден, Италияда «Пуччини фестивалімен» 10 жыл ынтымақтас болдым. Екіншіден, оның шығармашылығына жеке зерттеу жүргіздім. Ол шығармалары дүние жүзінде анағұрлым көп ұсынылған композиторлардың бірі болып табылады. Оның туындыларын кез келген сахнада орындау мен үшін оңай, себебі олар бәрінің көңілінен шығады. Оның таңғажайып бірегей қасиеті бар – ол барлығы үшін жаза білді», - деді маэстро Джузеппе Акуавива.

Оның айтуынша, Пуччини адамдарға әсерлі оқиға желісін ұсынған, оның операсы – әртістерге арналған үлкен драматургия мен театр сабағы.

«Оркестрлік музыкаға келер болсақ, әлбетте ол ұрпақтан ұрпаққа ауысып, фильмдерде барынша жиі қолданылады. Сондықтан ол – барлық әлемдік репертуардың өзегі. Ол – XIX-XX ғасырлар шегінде жазған автор. Сол кездің өзінде оның шығармаларынан келешектің жаңа тілі аңғарылады. Ол данышпан еді, себебі ол италиялық дәстүрді қарапайым адам өміріне жақынырақ болған әрі либреттоның мәтінімен қабыспай келген жаңа драматургия тілімен сабақтастыра алды. Пуччини – өз заманының кемеңгері, ғасырға жуық уақыт өтсе де, солай болып қала бермек», - деді маэстро Джузеппе Акуавива.

Джакомо Пуччинидің тұтас шығармашылығы итальян опера өнерінің жоғарғы жетістігі болып саналады. Оның опералары әуен байлығымен, оркестрлік бояу мен акустикалық әсердің құбылуымен таңғалдырады, ең бастысы – Пуччини туындыларының музыкалық тілі стильдің қарапайымдығымен, айқындылығымен ерекшеленеді.


Соңғы жаңалықтар