«Астана Опера» театрында қазақ және орыс романстары орындалады
АСТАНА. 11 қаңтар. ҚазАқпарат - 13 қаңтарда «Астана Опера» театрының камералық залында Ескі Жаңа жылға орайластырылған «Жаңа жылдық серпантин» концерті өтеді. Бұл туралы astana.kz сайтына «Астана Опера» МОБТ баспасөз қызметінен хабарлады.
Концертте «Belcanto» (итал. "тамаша ән салу") музыкалық салоны таныстырылады. Бұл кеште көрермен назарына қазақтың, орыстың, испандық халық әндері, француздық шансон, М. Дунаевскийдің, И. Штраустың, Ж. Оффенбахтың опереттасынан үзінділер және басқасы ұсынылады. Кешті қазақ және орыс романстары ашады.
Концертті ұйымдастырушылардың айтуынша, концерттің әдеби бөлімі Күміс ғасырдың поэзиясы мен қазіргі қазақ лирикасына арналады. Концертке «Астана Опера» театрының жеке орындаушылары, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері: Жанат Шыбықпаев, Айгүл Ниязова, Сүндет Байғожин, Дина Хамзина, Гүлзат Дәуірбаева, Жамиля Жарқымбаева, Маргарита Дворецкая және атақты баритон Азамат Жылтыркөзов, ҚР еңбек сіңірген әртістері: Жанат Бақтай, Ғалия Байғазинова, Халықаралық конкурстардың лауреаттары: Бейімбет Таңарықов, Ескендір Әбжанов, Салтанат Ахметова, Жұпар Ғабдуллина, Елена Ганжа қатысады.
Сонымен қатар, фортепиано партиясын сүйемелдеуші пианистердің халықаралық конкурсының лауреаты (Болгария, Италия) Р. Бескемпірова, халықаралық конкурстардың дипломанттары Е. Сахно, Ж. Ахметова, Д. Үмбетәлиева, И. Кургузкина орындайды.
Еске салайық, концерт 13 қаңтарда «Астана Опера» камералық залында сағат 19.00-де өтеді.