«Астана Опера» театрында опера және балет әртістерінің театрлық костюмдері көрмесі ашылады (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - 5 маусымда елорда тұрғындары мен қонақтары «Астана Опера» МОБТ мұражайы қорының «Сахна шежіресі» атты көрмесін тамашалау мүмкіндігіне ие болады. Көрмеге Қазақстанның опера және балетінің аса көрнекті қайраткерлері мен әртістерінің тарихи театрлық костюмдері мен фотомұражай материалдары қойылады, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметінен.
None
None

Атап айтқанда, Ғарифолла Құрманғалиев, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Әзірбайжан Мәмбетов, Еркеғали Рахмадиев, Роза Жаманова, Сара Көшербаева, Бақыт Әшімова, Дәурен Әбіров, Василий Яковенко, Мыңжасар Маңғытаев, Сұлтан Байсұлтанов, Бибігүл Төлегенова, Нариман Қаражігітов, Әлібек Дінішев, Қорлан Қалиламбекова, Рахима Жұбатұрова, Нұржамал Үсенбаева, Гүлжан Тұтқыбаева, Майра Мұхамедқызы, Жәмиля Баспақова сынды өнер майталмандарының шығармашылық жолынан сыр шертетін жәдігерлер көпшіліктің көзайымына айналмақ.

«Астана Опера» мұражайының меңгерушісі Құсайынова Априза бұл құнды мұралар жайлы айтып өтті. «Бұл костюмдер, тұрмыстық бұйымдар, жұмыс құралдары әртістерден қалған естелік, солардың көзі. Сол кезде осы әртістер болмаса, бүгінгі мәдениетіміз дәл осындай бай болмас еді. Біз бүкіл Қазақстанның операсы мен балетіне тікелей қатысы бар экспонаттарды жинап, театр қорын құруды ұйғардық. Театрлық костюмдерді, мұражай құжаттарын, фотоматериалдарды ағымдағы жылдың ақпанында жинай бастадық. Абай атындағы опера және балет театры бізге Қазақстанның опера және балетінің белгілі қайраткерлері бейнеленген 11 картинаны және аса көрнекті әртістеріміздің сахнада киген костюмдерін құрметпен сыйға тартты. Біз тек солистер ғана емес, жалпы еліміздің опера және балет өнерінің қалыптасуына қатысы бар барлық қайраткерлер жайлы да материалдарды жинауды мақсат еттік. Бүгінде қорымызда 21 театрлық костюм және мыңнан астам фотомұражай материалдары бар. Біз мұнымен шектелмейміз, алда атқарылатын талай жұмыс бар», - дейді Құсайынова Априза. Айта кетейік, «Астана Опера» жаңа театрының сахнасында Қазақстанның Халық әртістері және еңбек сіңірген қайраткерлері, опера және балет жұлдыздары өнер көрсетеді. Олардың есімдері сахна шежіресіне жазылып, өскелең ұрпаққа мұра болып қалады. Экскурсия сағат 11:00-ден 12:00 дейін және сағат 15:00-ден 16:00 дейін жүргізіледі.

Соңғы жаңалықтар