«Астана Опера» театрында петерборлықтар «Богема» операсын сахналайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 11 және 13 сәуір күндері «Астана Опера» театрының сахнасында көпшілік назарына Дж.Пуччинидің «Богема» операсы ұсынылмақ.

«Астана Опера» театрында петерборлықтар «Богема» операсын сахналайды

Петерборлықтар Юрий Александров және Вячеслав Окуневпен әріптестіктегі астаналық театр белгілі театр қоюшыларын аталмыш итальяндық операны бірлесіп қоюға шақырды. Дирижерлық тізгінде - ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов. Қойылымдағы басты рөлдерді Медет Шотабаев, Жан Тәпин (Рудольф), Айгүл Ниязова, Жаннат Бақтай (Мими), Әлфия Кәрімова, Салтанат Ахметова, Жәмиля Жарқымбаева (Мюзетта), Сүндет Байғожин, Талғат Мұсабаев (Марсель), Бауыржан Әндіржанов, Артур Қайыпқұлов (Коллен), Евгений Чайников (Шонар) орындамақ.

Екі құрамда шырқайтын әртістер рөлдерге театрдың көркемдік кеңесі тыңдалым кезінде іріктелді. «Астана Опера» театрының жетекші солистері - Сүндет Байғожин, Медет Шотабаев, Әлфия Кәрімова осы партияларды ағымдағы жылы қыста аты аңызға айналған итальяндық Арена ди Верона театрында орындайды, деп хабарлайды «Астана Опера» театрының баспасөз қызметінен.

Аталған операға «Астана Операның» балалар студиясы хорының әртістері алғаш рет қатысып, жас өнерпаздар жан тебірентер әнімен Рождествоның рухын жеткізеді.Сондай-ақ Ресей суретшісі Вячеслав Окуневтің нобайымен тігілген әсем костюмдер француз колоритінің атмосферасын қалыптастырады. Операның оқиға желісі Парижде өрбиді. Қоюшы режиссері - Ресей халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Юрий Александров. Аталған оқиға әйел мен еркектің қарым-қатынасы жайлы сыр шертеді.

«Осы операда жас кейіпкерлерді келтіруге тырысқан жасы үлкен опера әншілерін талай бақыладым, біразға дейін оны қоюдан бас тартып жүрдім. Себебі «Богема» операсы жиырма жастағылар жайында және сондай жиырмадағыларға арналған! Мен үшін «Астана Опера» театрында осы спектакльді жас талантты солистермен қоюға мүмкіндік туды. Шын мәнінде бұл өте органикалық опера, музыкаға барлық мағыналық екпін де қойылған, режиссер мен әншілер үшін жалғыз міндет - қойылымды бұрынғы қаз қалпында қою», - дейді Ю.Александров. Операда өнер адамдарының тағдыры баяндалады. Қойылым жазылмайтын ауруға шалдыққан Мимиді кезіктіретін кедей ақын Рудольфтің махаббаты жайлы оқиғаны және Марсель есімді суретші мен оның жеңілтек дос қызы Мюзеттаның хикаясын паш етеді.

Бір кездері театр сыншылары «Богеманың» ғұмыры ұзаққа бармайды деген еді. Алайда олар қателескен сыңайлы, себебі бұл опера күні бүгінге дейін көрермен қауым үшін өзекті, қызық әрі жоғары сұранысқа ие.