«Астана Опера» театрында «Жаңғақ шаққыш» балетінің тұсаукесері өтеді
Қиялға толы спектакльдің тұсаукесері театрдың бас сахнасында желтоқсанның 25, 27, 28 және 31 жұлдызында өтеді. Бұл туралы «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі хабарлады.
Қойылымға қатысатын «Астана Опера» балетінің солистері: Мари - Мәдина Баспаева, Әйгерім Бекетаева, Әнел Рүстемова, Гауһар Усина, Жаңғақ шаққыш-Ханзада - Бақтияр Адамжан, Досжан Табылды, Тайыр Гатауов, Еркін Рахметоллаев.
«Жаңғақ шаққыш» балеті - бұл адам жанының қалай есейетіні, махаббат сезімі кеудеңе ұя салатыны жайлы поэзиялық әңгіме. Бас кейіпкермен бірге көрермен де Жаңғақ шаққыш-қуыршақтың күлкілі келбеті мейірімді батыл жүрек иесін жасыратынын, ал қуыршаққа деген махаббат пен жанашырлық бас кейіпкер үшін ғажап Ханзадамен кездесуге айналатынын түсіне бастайды. Қоюшы хореограф Юрий Григорович Чайковскийдің тамаша музыкасынан тек бақыттың үйлесімдігін ғана емес, композиторға, оның партитурасына тұтастай сенім арта отырып, сүйікті ертегіден мінсіз бақытқа қол жеткізу мүмкін еместігі жайлы философиялық ойды да көре білді.
Дүниенің ғажабы біздің айналамызда екенін күнделікті өмірде байқай бермейміз.
- Аталған ертегі бізді басқа әлемге әкетіп, бас кейіпкерге азық болған үміт әйтсе де ақталатынына еріксіз сендіреді. Бұл әсіресе екінші актта, бал көрінісінде ерекше байқалады, - дейді «Астана Опера» балетінің көркемдік жетекшісі Тұрсынбек Нұрқалиев.
«Юрий Григоровичтің спектаклі хореографиялық тілінің күрделілігімен ерекшеленеді, бұл таза классика. «Жаңғақ шаққыш» балетін орындауды барлық солист армандайды. Бас кейіпкердің балалық шақтан бірден бойжету кезеңіне өтуі балеринадан үлкен шеберлікті талап етеді. Әртістеріміздің бар назары осы спектакльде, олар репетиция жасап, көрерменмен қауышатын күнді күтіп жүр» - деп сөзін толықтырды балеттің көркемдік жетекшісі.