«Астана Опера» театрының алғашқы гастролі қайда өтетіні белгілі болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылдың 4-10 ақпан аралығында «Астана Опера» театрының гастролі өтеді. Алматылық көрермен астаналық театрдың үздік қойылымдарын Абай атындағы МАОБТ сахнасында жеті күн тамашалай алады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайты хабарлады.
Сайттың мәліметінше, гастрольдік бағдарламаның бірінші күні - 4 ақпанда Ресейдің халық әртісі Юрий Александровтың қойылымындағы қазақ операсының маржаны - «Бiржан-Сара» ұсынылады. Ал 5 ақпанда сағат 12:00-де көрнекті композитор Сергей Прокофьевтің «Петя мен қасқыр» симфониялық ертегісі жас көрерменге ұсынылады. Осы күні кешкі 19:00-де «Астана Опера» театрының Симфониялық оркестрі концерт береді. 6 ақпанда көпшілік назарына Гала-концерт ұсынылмақшы. Хор өнерін сүйер қауым ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов жетекшілік ететін «Астана Опера» камералық хорының концертін 7 ақпанда тамашалай алады. 9 ақпанда камералық залда Камералық музыкадан концерт өтеді.
«Сонымен қатар, «Астана Опера» театрының балеттік труппасы балет сүйер қауым үшін әлемдік хореографияның маржандары: француздың хореографы Шарль Жюдтің қойылымындағы «Ромео мен Джульетта» балетін 8 ақпанда алып барады. «Астан Опера» театры гастролінің афишасындағы спектакльдер тізімін көрермен назарына ағымдағы жылдың 10 ақпанында ұсынылатын, Ресейдің халық әртісі Борис Эйфманның қойылымындағы «Роден» балеті түйіндейді», делінген хабарламада.
«Астана Опера» театрының директоры Төлеген Мұхамеджанов гастрольдік жоспардың бекітіліп, ендігі аталған қойылымдарға театр труппасы қызу дайындалып жатқанын атап өтті. «Біз үшін бұл сапар сынақпен тең, себебі алдында Қазақстанмен қатар шетелде өтетін үлкен гастрольдер тұрған «Астана Опера» театры үшін бұл алғашқы қадам», - дейді Т. Мұхамеджанов.