«Астана Опера» театрының шығармашылық ұжымын іріктеу қыркүйекте өтеді
АСТАНА. 18 маусым. ҚазАқпарат - «Астана Опера» театрының шығармашылық ұжымын іріктеу байқауы ағымдағы жылдың қыркүйек айында өтеді.
Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед айтты.
Министрдің атап өтуінше, театрдың шығармашылық ұжымын іріктеу үшін құрамына отандық және шетелдік мамандар енген арнайы байқау комиссиясы құрылды. Ағымдағы жылдың 3 сәуірі мен 31 мамыры аралығында байқаудың алдын ала кезеңі өткен. Ал негізгі кезеңі қыркүйек айында ұйымдастырылады. Ал оған дейін, нақты айтқанда, шілде айында байқау туралы ақпарат республикалық БАҚ-та жария етіледі жән өтінімдер 2 ай бойы қабылданады.
«Толықтай алғанда, біз әлемдік санаттағы театрды құруды мақсат тұтып отырмыз. Сондықтан да келісімшарт негізіндегі ынтымақтастыққа театр өнерінің танымал топ-менеджерлері, әлемдік ауқымдағы жұлдыздар шақырылатын болады. Қазірдің өзінде үздік еуропалық театрлармен тәжірибе алмасу бойынша уағдаластық бар», - деді министр.