11:19, 07 Қараша 2013 | GMT +5
«Астана Опера» театрының жеке орындаушысы Нұржамал Үсенбаева «Golden Europea» құрмет белгісіне ие болды
АСТАНА. 7 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева (сопрано) Еуропалық өнер одағы тарапынан берілетін көркемөнер және мәдени қызмет саласындағы жоғары марапат - «Golden Europea» («Алтын Еуропа») иеленді. Опера әншісі 4 қарашада Прагада өткен қайырымдылық гала-концертінде өнер көрсетіп, елге алтын мүсіншемен және дипломмен оралды. Аталған марапатты дүние жүзінде небәрі 20 адам иеленген. Бұл туралы «Астана Опера» театрының баспасөз қызметіне сілтеме жасап astana.kz хабарлады.

Салтанатты гала-концерт прагалық Рудольфинумде, жаман ауруға шалдыққан балаларды қолдау, оларды заманауи технологиялармен жабдықталған үздік медициналық мекемелерде емдеу үшін қаржы жинау мақсатында ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, Нұржамал Үсенбаева оңтүстік чехиялық Камералық оркестрдің сүйемелдеуімен әлемдік опера сахнасының жұлдызы, баритон Филип Банджакпен (Чехия Республикасы) бірге өнер көрсетті, дирижері - Петр Хромчак.