«Астана Опера» жас тыңдарманын шақырады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 15 наурызда «Астана Опера» театрының камералық залында театрдың жас көрермені үшін «Түрлі музыкалық дауыстар» атты жаңа бағдарлама ұсынылып отыр, деп хабарлады «Астана Операның» баспасөз қызметінен.
- Егер ата-аналар болашақта балалары вокалдық классиканың тыңдарманы болсын десе, осы бастан дайындала берсе болады, - дейді музыкатанушы Сәуле Мәулетова. - Адам баласының дауысы музыкалық аспапқа ұқсас келеді, алайда ол скрипка немесе фортепианоға қарағанда анағұрлым күрделі, неге десеңіз, адамның дауысы нәзік, құбылмалы және музыка заңдарымен қатар, физиологиялық заңдарға бағынышты. Дауысты меңгеру, сахнада өнер көрсету үшін қажымай еңбек етіп, ән айту шеберлігін шыңдау, яғни дауысты дұрыс тәрбиелеу қажет, - дейді сөзін жалғастырған музыкатанушы. Концерт жүргізушілері опералық дауыстардың - бастан бастап, сопраноға дейінгі барлық түрлерін қызықты формада айтып береді. Дидактикалық материал ретінде балаларға «Қап, бәлем, тұра тұр!», «Ақшақар» мультипликациялық фильмдері және атақты әншілердің мұрағаттағы жазбалары ұсынылады. «Астана Опера» театрының белгілі солисттері: Артұр Қайыпқұлов, Салтанат Мұратбекова, Нарұл Тойкенов, Евгений Чайников, Қазыбек Досмұханов, Константин Стригин, Татьяна Вицинская, Айзада Қапонова, Әсем Сембина, Елена Ганжа көпшілікке танымал ариялар мен дуэттерді шырқайды. Кеште сонымен қатар «Астана Опера» театрының Балалар студиясының хоры (жетекшісі Алтынғаным Ахметова) өнер көрсетеді. «Астана Опера» театрының Балалар студиясының жас әртісі Айша Орынбасарова Ф. Шуберттің «Аve Maria» шығармасын жеке шырқайды. Фортепиано партиясын халықаралық конкурстардың лауреаты Раушан Бескемпірова мен Ирина Кургузкина орындайды.