«Астана Операда» атақты композитор Еркеғали Рахмадиевке арналған концерт өтеді

Еске алу кешінде театрдың жетекші опера солистері, оркестр және камералық хор әртістерінің орындауында отандық классиктің шығармашылық мұрасынан асқақ туындылар болады, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.
Көпшілікке таныс «Таң самалы», «Бала ғашық», «Жетісудың қыздары-ай» туындылары, «Қамар-сұлу» операсынан дуэт, «Алпамыс» операсынан Гүлбаршын ариясы, хор композициялары және т.б. шырқалады.
Концертке «Астана Операның» жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері - сопрано Жұпар Ғабдуллина мен танымал тенор Медет Шотабаев, театр солистері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ, халықаралық байқаулардың лауреаттары Айзада Капонова, Бейімбет Таңарықов қатысады. Сонымен қатар талантты жас вокалистер, Е. Рахмадиев атындағы халықаралық байқаулардың лауреаттары Ұлпан Әубәкірова мен Алмат Ізбамбетов өз өнерін көрерменге паш етпек. Бас хормейстер - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов. Фортепиано партиясы - халықаралық байқаулардың лауреаты Раушан Бескемпірова.
Театрдың шығармашылық толқынына шақырылған солистер де қосылатын болады. Атап өтер болсақ: Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Шахимардан Әбілов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов, халықаралық байқаулардың лауреаты Ермек Қасым, Е. Рахмадиев атындағы халықаралық байқаудың лауреаты Ербол Мұқанов.
- Концертімізді ұлы шебер Еркеғали Рахмадиевке арнап отырмыз. Оның шығармашылық қуаты көптеген қазақстандық музыканттар буынын шабыттандыруда. Жылдар бойы жинаған білім-тәжірибесін әріптестері, шәкірттерімен аянбай бөліскен. Еркеғали Рахмадиұлы шығармаларды түсіндіруде жас орындаушылармен жеке дара жұмыс жасаған. Атап айтқанда, маған және әріптестерім Медет Шотабаев, Азамат Жылтыркөзовке ақыл-кеңес берген. Бүгін сахна төріне шығатын өнерпаздардың басым көпшілігі «Қамар-сұлу» операсының қойылымына тікелей қатысқан еді. Оның шығармашылық қызметінің арқасында, отандық музыка өнерінің үлгілері әлемдік классика жауһарларына айналды. Оның музыкасы, сазды әуені мәңгі жадымызда, жүрегімізде шырқалатын болады, - деп атап өтті Жұпар Ғабдуллина.