«Астана Операда» «Қарагөз» ұлттық балетінің тұсаукесері өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 5 желтоқсанда «Астана Операда» қазақтың көрнекті композиторы Ғазиза Жұбанованың музыкасына қойылатын «Қарагөз» ұлттық балетінің тұсаукесері өтеді, деп хабарлады театрдың баспасөз қызметінен.
Балеттің қоюшы хореографы - Еуропалық балет академиясының профессоры, халықаралық балетмейстерлер конкурстарының лауреаты Вакиль Усманов (Австрия). Қоюшы дирижері - ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов (Қазақстан).
Басты партияларда өнер көрсететін «Астана Опера» театрының жетекші солисттері: Қарагөздің рөлінде Мәдина Баспаева, Әнел Рүстемова ойнайды. Сырым партиясын Бақтияр Адамжан, Арман Оразов сомдаса, Наршаны Тайыр Гатауов, Досжан Табылды билейді, Маржан - Гауһар Усина. Сюжет бойынша Қарагөз - бай-қуатты Өсер руының атақты Маржан бәйбішесінің сүйікті немересі, құдіретті Досан руынан шыққан Нарша есімді жігітке күйеуге шыққалы жүр. Алайда оған анасынан берілген тұқым қуалайтын психикалық ауру сыр береді. Қалыңдықпен әзілдесеміз деп құрбыларының бірі Нарша, басқалары инеліктің бейнесінде болып киінеді. Мұндай қалжыңнан қорқып қалған Қарагөз айдалаға қашып, адасып кетеді. Оған көмекке өзінің бұрыннан бергі досы - жас та, көрікті Сырым сал келеді. Кезінде екеуін ортақ қайғы - аналарынан жастайынан қалғандары жақындастырып еді. Осыдан кейін Қарагөздің болашақ күйеуіне деген бар сезімі құтқарушы Сырымға ауып, бұған дейін өзіне беймәлім болып келген махаббат әлеміне есік ашады. Алайда ғасырлардан келе жатқан дәстүрлер сезімнен де берік еді, сол себепті қызды оны сүйетін, алайда өзі қаламайтын Наршаға күйеуге береді. Қарагөз Сырымға қашып кетеді, бірақ қашқындарды қуғыншылар ұстап алады. Қарагөз біржола есінен адасады. Өмірмен қош айтысар алдында ғана есін жиып, қымбатты жандары - Сырым мен Наршаны көреді, олар болса, қыз үшін өмірлерін қиюға дайын-ақ, алайда Қарагөз сол сәтте көз жұмады. Ол өзінің ащы бақытсыздығынан бақыт табады. - Біз жұмысымызда хореограф Вакиль Усмановтың идеясын жүзеге асыруға тырыстық. Мағынасы жағынан бұл композиялық деңгейі үнемі серпінді түрде өрбитін классикалық қойылым. Баяндауы, бірінші акттегі шындық екінші актта ішінара қиялға ауысады. «Қарагөз» балетінің сценографиясы - бұл бағыттар, пішіндер, түс пен жарықтың селбесуі. Жұмыс барысында біз театрдың барлық техникалық мүмкіндігін ескеруге тырыстық, - дейді спектакльдің қоюшы суретшілерінің бірі Софья Тасмағамбетова.