«Астана Операда» польшалық қас шебер алғаш рет өнер көрсетеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 14 мамырда «Астана Опера» театрының Камералық залында Польша мен Венгрияның фортепианода орындалатын классикалық музыкасының кеші өтеді. Елордалық театрдың сахнасында польшалық әйгілі асқан шебер пианиношы Войцех Валечек алғаш рет өнер көрсетеді.

«Астана Операда» польшалық қас шебер алғаш рет өнер көрсетеді

Бұл туралы «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі хабарлайды.

Валечектің өнері Еуропа, АҚШ, Канада, Жапония, Аргентина, Иордания, Ресей және басқа елдерде жоғары бағаға ие болған.

Орындау шеберлігінің сан қырын меңгергендігімен әйгілі Войцех Валечек фортепианолық өнердің екі түрлі стилін қалай жоғары игергенін паш етеді. Әйгілі пианиношы астаналық тұрғындарды Романтизм дәуірінің екі өкілі - замандастар Ференц Листтің және Фредерик Шопеннің шығармаларын орындап қуантады.

- Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім. Қазақстан халқымен, оның мәдениетімен және тарихымен жақын танысатын күнді асыға күтемін. «Астана Опера» театры жайлы толығырақ білгім келеді, бұл маған өте қызық, оның репертуарымен таныссам, қазақстандық тыңдарманға польшалық және венгрлық композиторлардың туындыларын орындап берсем деймін. Ференц Листтің шығармашылығы жаныма өте жақын және ол тіпті докторлық диссертациямның тақырыбы болып табылады. Мен оның музыкасына екі альбом жаздым, қазір тағы біреуін дайындап жатырмын. Фредерик Шопеннің музыкасы көпке аса танымал, алайда мен оның шығармаларын өзімнің орындауымда көрсеткім келеді, - дейді ойымен бөліскен Войцех Валечек.

Кеш бағдарламасында Ф. Листтің Паганини каприсінен үш этюд, Ф. Шопеннің «Тамаша Вариациялары» және үш вальсі, сондай-ақ Ф. Листтің фортепианолық транскрипциясы және Ф. Шопеннің алты польшалық әні қамтылған.

- Венгрлық мектептің алып тұлғасы болып келетін Ференц Листтің жарқыраған туындылары қуатты, айбынды, бояуы қанық, асқақ келеді. Ол симфониялық оркестрдің ойнағанын фортепиано арқылы көрсетеді. Ф. Листтің асқан шеберлікпен ойнағаны және шексіз техникалық мүмкіндіктері күні бүгінге дейін бүгінгі пианиношылар үшін бағыт-бағдар береді. Оның туындыларының жанрлық ауқымы өте кең. Фредерик Шопен болса, фортепиано ақыны еді. Польшаның ұлы композиторының музыкалық стилі нәзіктігімен, әсемдігімен, көркемдігімен ерекшеленеді. Ф. Шопен фортепианоның дыбыстары арқылы өзінің ішкі жан дүниесін паш ете отырып өмір философиясын өте нәзік тілмен жеткізді, - дейді музыкатанушы Маржан Жәкенова.

Войцех Валечек - Нью-Йорктегі Артур Рубинштейн атындағы (АҚШ) жасөспірімдердің халықаралық конкурсы, Парма қаласындағы Ф. Лист атындағы (Италия) халықаралық конкурсы, Палермодағы (Италия) пианиношылардың халықаралық конкурсы және басқа көптеген халықаралық конкурстардың лауреаты. Жеке концерттерімен қатар Варшавадағы Польшалық радионың оркестрі, Краковтағы Бетховеннің академиялық оркестрі, Амманның симфониялық оркестрі және басқа да бірқатар камералық ансамбльдермен және симфониялық оркестрлермен өнер көрсетеді.

Концерт Қазақстандағы Польша және Венгрия елшіліктерінің қолдауымен өтеді: 19:00 басталады, билет бағасы 1 500 теңге.