«Астана Операдағы» мерекелік концертте Н.Назарбаевтың сүйікті әндері шырқалады (ФОТО)

Кеште қазақ, орыс және батыс еуропалық композиторлардың вокалдық және аспаптық шығармалары орындалады. Бағдарламадағы Тұңғыш Президенттің сүйікті әндері: «Дудар-ай», Е. Хасанғалиевтің «Мереке күніңмен», «Коробейники» және т.б. ерекше орын алады. Бұдан басқа тыңдарманға М. Гранжанидің «Байырғы стильдегі ариясы», Г. Диникудің «Хороводы», Ж. Бизенің «Кармен» операсынан Р. Мендестің өңдеуіндегі әйгілі «Хабанерасы» ұсынылады, делінген «Астана-Опера» баспасөз қызметінің хабарламасында.
Көрерменді күтіп тосын музыкалық сыйлықтар күтіп тұр - солистер джаз композицияларын, арфаның сүйемелдеуімен С. Рахманиновтың «Алеко» операсынан жас сығанның романсын орындайды, Балалар студиясының жас әртістері Ә. Әбдінұровтың «Сүйікті менің Қазақстаным» қойылымын және тағы басқа бірнеше нөмірлер дайындауда.
- Біз көрерменімізге нағыз мереке сыйлағымыз келеді. Концерттің тақырыбын түрлендіріп, күлкілі номерлер қостық, сахнамызда орындалмаған композициялар ұсынылады. Барлық солистер ұлт Көшбасшысына өз ризашылықтарын білдіреді, ол кісі мәдениетті қолдайды, біздің спектакльдерге, тұсаукесерлерге келеді - бұл биік мақсаттарға жетуге ынталандырады. Осы салтанатты күні Отанымызға деген сүйіспеншілігімізді музыка тілінде жеткізгіміз келеді, - дейді аға концертмейстер Елена Сахно.
Концертте өнер көрсететін операның белгілі солистері: ҚР еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Әлфия Кәрімова, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Маргарита Дворецкая мен Жан Тәпин, халықаралық конкурстардың лауреаты Талғат Ғалеев, дарынды аспапшы-музыканттар Любовь Ткаченко (арфа) , Кирилл Красюков (скрипка), Александр Малиновский (туба), ішекті аспаптар квартетінің құрамында: Нарғыз Ережепова, Кирилл Красюков (скрипкалар), Жанар Ахатова (альт), Құрбанжан Ахатов (виолончель), сонымен қатар Алтынғаным Ахметова жетекшілік ететін «Астана Опера» Балалар театры студиясының хоры.
Фортепиано партиясын халықаралық конкурстардың дипломанты, «Мәдениет қайраткері», концерт авторы Елена Сахно орындайды.
Концерт 17:00 басталады, билет бағасы - 1 500 теңге.
1991 жылы 1 желтоқсанда жалпыхалықтық сайлаудың нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті болып сайланғанын еске сала кетейік. Мереке Қазақстанның Тұңғыш Президентінің республикаға сіңірген зор еңбегін атап өту және таныту мақсатымен белгіленген.