«Астана Операның» солистері Халықаралық балет әртістерінің байқауында жеңіске жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана Опера» театрының солистері Халықаралық балет әртістерінің III байқауында жеңіске жетті.

«Астана Операның» солистері Халықаралық балет әртістерінің байқауында жеңіске жетті

Гран-при сыйлығына балеттің жетекші солисі Бақтияр Адамжан, құрметті бірінші орынға және Астана әкімшілігінің арнайы сыйлығына балет солисі Серік Нақыспеков ие болды. Екінші орын балеттің жетекші солисі Еркін Рахматоллаевқа берілді, сонымен қатар ол классикалық мұраны өзіне тән ерекшелікпен жеткізгені үшін Петипа мұрасы қорының және Братиславаның «PETIPA PRIX» Ұлттық театры арнайы сыйлығының иегері атанды, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.

Басты марапат - Бас жүлде тәжірибесі мол әртіс Бақтияр Адамжанға лайықты табыс етілді.

Бұл жыл әртіс үшін жетістікке толы ерекше жыл болды. Оның жақында ғана қол жеткізген табыстары әлі күнге жанкүйерлер жадында: Ыстамбұлда өткен (Түркия, 2016 жылдың 8 шілдесі) балет әртістерінің V Халықаралық байқауында Гран-при иегері, Сеулде (Корея Республикасы, 2016 жылдың 10 тамызы) өткен XIII Халықаралық би байқауындағы 1 орын иегері, міне, балет әртістерінің III Халықаралық байқауында ол тағы да абсолюттік чемпион атанды (Астана, 2016 жылдың 16 қыркүйегі). Бұл жеңістер - Бақтиярдың күнделікті тынбай еңбек еткенінің жемісі. Дайындық залы ол үшін екінші үйіне айналған.

- Біз көп дайындық жүргіздік. Дегенмен менің бағдарламам барынша жеткілікті дайындықтан өтті, себебі мен бар күшіммен жұмыс істеуге тырыстым. Ең маңыздысы - сахнаға шығуға байсалдылықпен, шынайы көзқараспен ден қойған жөн. Сахнаға шығар алдында тепе-теңдікте болу үшін денені дұрыс қыздырып алған абзал, сонда өзіңді жайлы сезінесің. Байқаулар, әрине, маңызды, бірақ театрдың репертуарлы спектакльдеріне қатысу - мен үшін алдыңғы орында. Мен бізді денені дұрыс ұстау тазалығына ден қойып дайындаған ұстазымыз, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Константин Евгеньевич Заклинскийге ризашылығымды білдіремін, - деп атап өтті Бақтияр.

Жас, болашағынан үлкен үміт күттіретін солист Серік Нақыспеков, халықаралық байқаулар мен фестивальдарда бірнеше рет жүлделі орындар алып жүр. Талантты биші өзін-өзі дамытудағы үлкен ұмтылыстарымен ерекшеленеді. Сонымен, сайыстың екінші айналымында ол өзі шығарған «Естелік» атты хореографиялық жобасын ұсынды, қазылар алқасы оған лайықты баға берді. Нөмір өте тамаша орындалды, өйткені, әртіс оны дайындауды әлдеқайда ерте - шілде айында - бастаған еді. Классикалық хореографияны да әртіс сәтті орындады. Кейін жеңіске ие болған кезде, әртіс өз қуанышымен әлеуметтік желілердегі оқырмандармен бөлісіп, оларға қолдағандары үшін алғыс сезімін білдірді.

Балеттің жетекші солисі Еркін Рахматоллаев та өзін көрсете білді, екінші орынға ие болған ол, бір мезгілде, классикалық мұраны үздік жеткізгені үшін Петипа мұрасы Қорының және Братиславаның «PETIPA PRIX» Ұлттық театрының арнайы жүлдесінің иегері атанды. Бұл марапат оған 2016-2017 жылдардағы маусымда Братислава Ұлттық театрының сахнасында Мариус Петипаның «Корсар» балетінде басты ерлер партиясын орындауға мүмкіндік береді. Жетекші солист бірінші айналымда Петр Чайковскийдің «Аққу көлі» балетінен Зигфридтің вариациясын мүлтіксіз орындап, қазылар алқасы мүшелеріне үлкен әсер қалдырды. Заманауи хореография талабы бойынша нөмірін тамаша орындаған ол, үшінші айналымнан да өтті, алайда, қарсыластары шын мәнінде жақсы бәсекелестік танытты. Балет жанкүйерлері бишінің барлық қозғалыстары жан-жақты қайралғаны, көрерменге бар қимылын би тілімен сенімді жеткізе білгені туралы атап өтті.

Байқаудың төрайымы Алтынай Асылмұратова ер әртістер биыл мықты болғанын, олардың белесті бағындырғанын, нөмірлерінде эмоциялық жағына елеулі назар аударылғанын айтып өтті.

- Мен қазақстандық бишілердің нөмірлерін бұрын да көргенмін, сондықтан қазір олардың кәсіби жағынан өскенін, байқауда өздерін өте тамаша көрсеткенін айта аламын. Техникалық, әртістік, музыкалық жағынан - барлығы жоғары бағада көрсетілді. Менің ойымша, бұл - дайындаған ұстаздарының, балет басшыларының үлкен жетістігі, - деп атап өтті қытайлық жетекші хореограф Сяо Сухуа.

- Әртістерге арналған байқаулар - балет компанияларының өкілдерімен байланыстар қалыптастыруға, өздерін көрсетуге мүмкіндік береді. Біз тамаша әртістерді көрдік, біреудің жолы оңынан болса, біреуге оншалықты сәтті болмай жатты. Өнеріңді көрсету - бұл да өнер, біз солистердің жан-жақты шеберлігіне қарай біртұтас баға бердік. Мен қазақстандық солистермен таныстым, бұған дейін сіздердің балетті көру маған бұйырмап еді. Заманауи хореография ұнады, әсіресе Серік Нақысбеков ерекше әсерге бөледі. Мен осы жерде соншама көптеген талантты адамдар бар екендігіне өзімді бақытты сезіндім, - дейді хореограф Стефан Жеромский.

17 қыркүйекте алғашқы екі айналым жеңімпаздарының қатысуымен салтанатты Гала-балет өтті.

Байқаудың 10-17 қыркүйек аралығында өткенін естеріңізге саламыз. Оған алыс және жақын шетелдерден келген 29 әртіс қатысты. Байқау «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының негізінде өтті. Ұйымдастырушы - «Балет және ұлттық биді дамыту және қолдау қоры».

Қазылар алқасының құрамында «Астана Опера» балетінің көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратованың төрайымдылығымен әр елден келген әлемге әйгілі тұлғалар жұмыс істеді: Венгер ұлттық балетінің директоры, тамаша биші әрі хореограф Тамас Золимози; қытайлық жетекші хореограф, Бейжің би академиясының профессоры және Қытай ұлттық би ассоциациясындағы балет комитетінің вице-президенті Сяо Сухуа; итальяндық қоюшы балетмейстер Луиджи Бонино және тағы басқалар.

null null null null