Астана орталығындағы 4 көшеге біржақты қозғалыс енгізбек

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада тағы бірнеше көше біржақты қозғалысқа ауыстырылуы мүмкін. Бұл туралы Астана қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Жансұлтан Сапарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана орталығындағы 4 көшеге біржақты қозғалыс енгізбек

«Тәуелсіздік даңғылы мен әл-Фараби көшесін жалғайтын көпір пайдалануға берілсе, Мәңгілік ел даңғылына жүктеме азаяды деп күтеміз. Көпірді қазан айының соңында немесе қарашаның басында іске қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ қазір Әкімшілік полиция басқармасымен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатырмыз. Достық, Қонаев, Түркістан және Ақмешіт көшелеріне біржақты қозғалысты енгізу мәселесі қаралып жатыр. Бірақ ол үшін аталған көшелерді орташа жөндеу қажет. Яғни, Сарайшық көшесін кеңейтуге тура келеді», - деді Жансұлтан Сапарбаев қалалық мәслихаттың отырысында.

Басқарма басшысының айтуынша, көшелерге біржақты қозғалыс енгізу алдымен зерттеледі және ол қоғамның талқысына шығарылады.

«Тәуелсіздік көпірін іске қосқаннан кейін бұл мәселеге қайта ораламыз. Жаңа көпірдің қаладағы жол қозғалысын қаншалықты жеңілдетінін байқау керек», - дейді ол.