«Астана: өткені, бүгіні және болашағы» көрмесі (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қала тұрғындары мен қонақтары Астананың өткенімен, бүгінімен және болашағымен таныса алады. Осылай аталатын көрме Тәуелсіздік сарайында өтіп жатыр, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Көрме залында түрлі мұрағат құжаттары, заттай және жазба ескерткіштері бар. Әсел Мұстафина, «Астана: өткені, бүгіні және болашағы» көрмесін ұйымдастыру бөлімінің қызметкері: - Мұнда Кемел Ақышев жасаған Бозоқ қаласының макеті қойылған. Сонымен қатар, қорғандар мен қазба орындарында түсірілген фотосуреттер де бар. Бұл экспозицияда мұрағат құжаттары, фотосуреттер, Астанаға арналған бейнеқұжаттар ұсынылған. Биыл қала өзінің 17 жылдығын тойлауда, осыған орай көрме ұйымдастыруды жөн көрдік. Келесі залда елорданың қазіргі дамуына байланысты құжаттар қойылған: бас қаланы Алматыдан Астанаға көшірген кездегі фотосуреттер мен құжаттар. Сонымен қатар, болашақтағы Астана да көрсетілген. Бір рельсті жолдар, көп қабатты зәулім үйлер. Мұнда 2050 жылдағы Есілдің сол жағалауы бейнеленген. Әр бір уақыттың мәдени және архитектуралық бейнесі, экономикалық және әлеуметтік дамуы әр түрлі, осының бәрі «Астана: өткені, бүгіні және болашағы» атты көрмеде көпшілік назарына ұсынылады. Экспозицияның ерекшелігі - экспонаттардың әралуандылығы, бұл қонақтарға танымдық әрі қызықты экскурсия жүргізуге мүмкіндік береді.