Астана – Павлодар автобанында жүргізушілерге қатысты маңызды өзгеріс бар

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Алдағы қыста Астана — Павлодар автобанында жылдамдық режимі тұрақты төмендетілмейді. Бұл өзгеріс жүргізушілер үшін қолайлы болады деп жоспарланып отыр.

автобан
Фото: Александр Павский/Kazinform

ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі Kazinform тілшісінің сауалына берген жауабында автожолдардағы жылдамдық режимін тек қысқы кезеңде төмендету туралы шешім қабылданғаны көрсетілген.

— Қысқы кезеңнің басталуына және жол мен ауа райы жағдайларының нашарлауына байланысты жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне орай халықаралық және республикалық маңызы бар барлық автомобиль жолдарында жылдамдық режимін тек қысқы кезеңге төмендету туралы шешім қабылданады, — делінген жауапта.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, автокөлік жолдарында жылдамдықты шектеу адам өліміне себеп болатын жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға және алдын алуға мүмкіндік береді. Дегенмен нақты нәтиже жолдың жағдайына, қозғалыс қарқындылығына, ауа райына және белгіленген жылдамдықтың сақталуына байланысты.

— Астана — Павлодар бағыты бойынша автожолда жылдамдық режимінің сағатына 110 шақырымға төмендетілуі туралы алдын ала ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы хабарланады, бірақ жылдамдық режимін төмендету былтырғыдай тұрақты енгізілмейді. Ол тек ауа райының өзгеруіне байланысты ғана қолданылады, — деп көрсетілген жауапта.

Осылайша, Жол жүрісі қағидаларының 5-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, жылдамдық режимі уақытша өзгерген уақытта жол жүрісіне қатысушылар жол жүрісін реттеу үшін қолданылатын реттеуші мен бағдаршам сигналдарының, жол белгілерінің және жол таңбаларының талаптарын орындауға міндетті болады.

Еске сала кетейік, былтыр 9 ақпаннан Астана — Павлодар автобанында жылдамдық режимі төмендетілген еді.

Сондай-ақ Астана — Павлодар тасжолының биыл жөнделіп жатқан бөлігі қашан толық ашылатынын жазғанбыз.