Астана-Павлодар тас жолының құрылысы мердігер ұйымдағы даудың салдарынан тоқтаған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана-Павлодар тас жолының құрылысына қатысты мәселе шешіліп жатыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің брифингісіне қатысқан ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің ресми өкілі Қайсар Жұмабайұлы мәлім етті.

Астана-Павлодар тас жолының құрылысы мердігер ұйымдағы даудың салдарынан тоқтаған

Бірнеше күн бұрын Бұқаралық ақпарат құралдарында «Астана-Павлодар» автожолының 25 шақырымындағы құрылыс тоқтағаны хабарланды. Басты себеп - жұмысшылар жалақы алмаған және құрылысқа қажетті материалдар бойынша қарыз 100 млн теңгеден асып кеткен.

Қайсар Жұмабайұлы бұндай факт болғанын растады және  бұл мәселеден министр Жеңіс Қасымбек толық хабардар екенін айтты. Ресми өкілдің айтуынша, республикалық маңызы бар бұл жолдың проблемасына мердігер компаниядағы сот процесі  себеп болған.

«Қазавтожол» ұлттық компаниясының таратқан қосымша ақпаратына сүйенсек, жұмысы тоқтап тұрған 25 шақырым қашақтықтағы жол аумағын «Автодорсервис» ЖШС жөндеу керек болған.

«Бірқатар БАҚ-та «Орталық-Шығыс» автокөлік дәлізінің жөндеу жұмысы тоқтады» деген ақпарат тарады. Бұған қатысты айтарымыз, 2014 жылы «ҚазАвтоЖол» ұлттық операторы мен «Автодорсервис» Фирмасы» ЖШС арасында осы дәліздің Павлодар облысының аумағында 25 шақырымын жөндеу туралы келісімге қол қойылған. Келісім бойынша, жөндеу жұмыстары 2017 жылға дейін аяқталауы керек. 2014, 2015 жылдары мен 2016 жылдың бірінші жарты жылдығында жұмыс тоқтаған емес. Қазір келісімге сай жұмыстың 59 пайызы орындалды. «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының «Автодорсервис» ЖШС-ның алдында қарызы жоқ. Яғни, тапсырыс беруші ретінде «ҚазАвтоЖол» төлемдердің барлығын уақытылы және толық көлемде жүргізген. Биылға арналған 4 млрд 900 млн теңгенің 2 млрд 245 млн теңгесі толық игерілді. Бірақ, «Автодорсервис» Фирмасы» ЖШС-ның құрылтайшылары арасында дау-дамай туындап, қазір олар сот арқылы өзара мәселелерін шешуде. Баспасөзге де да жұмыс тоқтады деп мәлімдеген «Автодорсервис» ЖШС құрылтайшы болып отырған мердігерлік ұйымның қызметкерлері еді.

Бұл мәселе шешілгенше жолдың құрылысын тоқтатпай, қызметкерлерді жұмысқа қайта тарту үшін  «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ өзіне қызмет көрсететін банктен «эскроу-шот» ашып, жол участогының құрылысын толық бақылауға алды. «ҚазАвтоЖол» заң бойынша «Автодорсервис» Фирмасы» ЖШС-да орын алған жағдайда араласа алмайды. Алайда, баса айта кетерлігі, біз «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан жобаның тоқтауына немесе уақытында аяқталмауына жол бермейміз», - дейді «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жұлдызай Тәженова.