Астана-Павлодар жолында көлік апатына түскен жас жігіт екі аяғынан айрылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Астана — Павлодар автожолында ірі жол-көлік оқиғасы тіркелді.
Жеңіл көлік жол жиегіндегі қоршауға соғылып, апат салдарынан 2005 жылғы жолаушы ауыр жарақат алған.
Оқиға орнынан түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде тарап кетті.
Жол-көлік апаты 29 мамыр күні сағат 21:00 шамасында Төртқұдық ауылының маңында болған. Hyundai Tucson маркалы қара түсті автокөліктің 2004 жылы туған жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол қоршауына соғылған.
Жазатайым оқиға кезінде 2005 жылы туған жас жігіт аса ауыр жарақат алғаны, соққы салдарынан бір аяғы жұлынып кеткені айтылады. Оқиға куәгерлерінің хабарлауынша, жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына бір жарым сағатқа жуық жүріп келген. Осы уақыт бойы жарақат алған жігіт есін біліп жатқан.
Алайда зардап шеккен азаматты Екібастұз қаласындағы ауруханаға тасымалдау кезінде жағдайы күрт нашарлаған. Есінен танып, жүрегі тоқтап қалған.
Дәрігерлердің көмегімен жағдайы қалпына келтірілгенімен, ауруханадағы жансақтау бөлімінде оның екі аяғын да кесуге тура келген. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы ауыр деп хабарланды.
Полицейлер аталған оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
— Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш жолаушы ауруханаға жеткізілген. Hyundai Tucson автокөлігі айып тұрағына қойылды, — деп мәлімдеді Павлодар облысының полиция департаментінен.
Зардап шеккен жігіттің жақындары мен туыстары тергеуді мұқият жүргізуді талап етуде. Олардың сөзінше, көлік inDrive такси сервисі арқылы ізделіп, тапсырыс берілген. Алайда тапсырысты орындауға іс жүзінде мүлде басқа көлік және басқа жүргізуші келген.
Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодар облысында Ан-2 ұшағы апатқа ұшырап, ұшқыштың бірі көз жұмды.