«Астана - Петропавл» бағытындағы көлік апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы аумағында «Астана - Петропавл» тас жолының бойында болған жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Астана - Петропавл» бағытындағы көлік апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды

Еске сала кетейік, осыған дейін хабарланғандай, жол апаты қарашаның 11-і күні сағат 12:40 шамасында «Астана-Петропавл» тас жолының 287 шақырымында, яғни, Көкшетау қаласының маңында тіркелді. Апаттың салдарынан 3 адам көз жұмып, 7 адам зардап шекті. Зардап шеккендердің бірі бүлдіршін . 

«Полицейлер анықтағандай,  Екібастұз қаласының 52 жастағы тұрғыны тізгіндеген «Тойота Ланд Крузер Прадо» көлігі жолдың қарсы бағытында шығып кетіп, Алматы облысының Хоргос ауылының 34 жастағы тұрғыны рөлде отырған «Митсубиси Делика» көлігімен соқтығысқан. Осының салдарынан «Тойота Ланд Крузер Прадо» көлігінің 2 жолаушысы оқиға орнында тіл тартпай кетсе, жүргізушісі ауруханада көз жұмды. Сондай-ақ, осы көліктің салонында болған тағы үш адам (оның бірі бүлдіршін) зардап шекті. Оған қоса, «Митсубиси Делика» көлігінің жүргізушісі мен үш жолаушысы Ақмола облыстық ауруханасына жеткізілді» - деп түсіндірді баспасөз қызметіндегілер.

Қазіргі кезде, осы оқиғаға байланысты  ҚР ҚК 345-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.