Астана – Петропавл тасжолында 257 мың шаршы метр жабын жаңартылды

АСТАНА. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында республикалық маңызы бар «Астана – Көкшетау – Петропавл – Ресей Федерациясы шекарасы» автожолының бір бөлігінде орташа жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.

ав
Фото: ҚазАвтоЖол

Жолшылар 473-483 шақырым аралығындағы 10 шақырымдық учаскеде жөндеу жұмыстарын жүргізуде.

Жоба аясында жол жабынын жаңарту және қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған бірқатар жұмыстар орындалған.

– Қазіргі уақытта асфальтбетон жабынының 257 мың шаршы метрі жонылып, 23,8 мың тонна асфальтбетон қоспасынан тегістеу қабаты төселді. Сонымен қатар қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетон қоспасынан 101,7 мың шаршы метр жабынның үстіңгі қабаты төселді, – деп хабарлады ҚазАвтоЖол.

Сондай-ақ жол жиегін нығайту жұмыстары да жүргізілуде. Бүгінге дейін 6 мың шаршы метр аумақ күшейтілген.

Жөндеу жұмыстарына арнайы техниканың едәуір бөлігі тартылған.

– Аталған жобаны жүзеге асыруға 39 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Жөндеу жұмыстары жол сапасын арттыруға және көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Астана – Көкшетау – Петропавл автожолының учаскесінде қозғалысқа шектеу енгізіледі.