Астана – Петропавл тасжолында 64 шақырымға жаңа асфальт төселді
АСТАНА. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында республикалық маңызы бар Астана – Көкшетау – Петропавл автожолының таңдамалы учаскелерін орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қазірдің өзінде 64 шақырымға асфальттың жоғарғы қабаты төселіп, 60 шақырым жол жиегі нығайтылды. Бұл туралы ҚазАвтоЖол компаниясы мәлім етті.
Солтүстік Қазақстан облысында республикалық маңызы бар KAZ02 «Астана – Көкшетау (айналма жолы) – Петропавл – РФ шекарасы (Жаңа Жол өткізу пункті)» автомобиль жолының 341-473 шақырым аралығындағы таңдамалы учаскелерінде орташа жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Компанияның мәліметінше, жоба аясында 68,7 шақырым жолда ескі асфальтбетон жабыны жонылды және 68,7 шақырымда тегістеуші қабат төселген. Сонымен қатар 64 шақырымда қиыршықтас-мастикалы асфальтбетон қоспасынан жоғарғы қабат төселіп, 60 шақырымда жол жиектері нығайтылды.
Қазіргі уақытта жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жалғасып жатыр.
Орташа жөндеу жол жабынының сапасын жақсартуға, автожолдың пайдалану мерзімін арттыруға және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейін Астана–Теміртау жолының 16 шақырымы жаңартылып, 9 кірме жол жасалғанын жазған едік.