«Astana Piano Passion» аясында С.Рахманинов туындыларынан концерт өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана Опера» опера және балет театрының сахнасында М.Равель мен С.Рахманиновтың шығармаларын РФ Президенті жанындағы мәдениет және өнер жөніндегі кеңес мүшесі, пианиношы Екатерина Мечетина орындамақ.

«Astana Piano Passion» аясында С.Рахманинов туындыларынан концерт өтеді

Бұл «Astana Piano Passion» классикалық музыка фестивалі аясында өтетін ең есте қаларлық концерттердің бірі болмақ. Оның бағдарламасында Морис Равельдің «Сонатина фа-диез минор» және «Сюита для фортепиано «Отражения» шығармасы мен Сергей Рахманиновтың «№ 2 соната си-бемоль минор, 36 шығ.» шығармасы орындалады.

Ресейлік жас буын музыканттардың ішіндегі жарық жұлдыздардың бірі Екатерина Мечетинаның орындаушылық шеберлігінің кемелдігі мен таң қалдырарлық әртістік тартымдылығы классикалық музыканы құрметтеушілердің ыстық ықыласына бөленіп жүр. Әлемге танымал Екатерина Мечетина Ресейдің, Еуропаның үздік оркестрлерімен өнер көрсетеді.

Айта кетейік, Е.Мечетина «Триумф» жастар сыйлығымен және Қоғамдық марапаттар ұлттық комитетінің «Отандық мәдениет және өнер саласының дамуына зор үлес қосқаны және еңбектері үшін» ІІІ дәрежелі Ұлы Екатерина орденімен марапатталған. 2001 жылы ол Ресей президенті жанындағы мәдениет және өнер жөніндегі Кеңестің құрамына кірді.

Естеріңізге салайық, 2014 жылы 10 мамырда Астана қаласында басталған «Astana Piano Passion» екінші халықаралық классикалық музыка фестивалі мен жас пианистер байқауы 16 мамырда концертпен аяқталмақ. Бұл күндер аралығында Астана қаласының үздік концерт алаңдары талантты жас пианистер мен фортепиано өнерінің белгілі жұлдыздарына ұсынылмақ.