"Astana Piano Passion» жас пианисттер байқауы мен классикалық музыка фестивалінің өтетін кезі белгілі болды
АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Екінші халықаралық "Astana Piano Passion" жас пианисттер байқауы мен классикалық музыка фестивалінің өтетін кезі белгілі болды. Іс-шара 2014 жылы мамыр айының бірінші онкүндігінде Астана қаласында өтеді. Ұйымдастырушы қызметін әдеттегідей Астана қаласының әкімдігі көмегімен "Accordi di Astana" қоғамдық қоры атқарады. Байқаудың көркемдік жетекшісі және қазылар алқасының құрметті төрағасы - Ресейдің халық әртісі Денис Мацуев.
Өтініштерді қабылдау шамамен келесі жылдың басында басталады. Осылайша биылғы оқу жылында балалардың алдын-ала таңдаған бағдарламаларына дайындалу уақыты көбірек болады. Сонымен қатар ұйымдастырушылар 2013 жылы өткен іс-шара тәжірибесін есепке ала отырып, байқау бағдарламасында кішігірім өзгеріс болатынын ескертеді.
Байқаудың негізгі мақсаты - жас дарын иелерін қолдай отырып, орындаушылық өнер әдістерімен халықаралық алмасу және Қазақстандағы фортепианолық мектептер дәстүрін нығайту. Сонымен қатар, жас пианисттер байқауының Астана қаласында өтуі, жастар арасында классикалық музыканы насихаттауға ерекше ықпал етеді, бұл өсіп келе жатқан ұрпақты рухани тәрбиелеудің негізі болып табылмақшы.