Астана полицейлері айыппұлдар жөніндегі ақпараттарды sms-хабарламалар арқылы таратпақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының Ішкі істер департаменті айыппұл жөнінде sms-хабарламалар тарату жүйесін жасауға кірісті. Бұл туралы бүгін брифингте Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Тахир Әбдірахманов мәлім етті.

Астана полицейлері айыппұлдар жөніндегі ақпараттарды sms-хабарламалар арқылы таратпақ

«Жол ережесін немесе онымен байланысты тәртіпті бұзған кезде салынатын айыппұл жөнінде хабарламалар тарату біздің жоспарда бар. Қазір тіпті балалардың қолында ұялы телефон бар, сондықтан сізде айыппұл барын смс-хабарламалар арқылы құлақтандыратын боламыз. Ол азаматтарға айыппұлды уақытылы төлеу үшін ұсыныс ретінде жіберіліп тұрады. Айыппұл өтелмеген жағдайда оларға басқа шаралар қолданылады», - деді ол.

Оның айтуынша, мұндай тәжірибе соттарда жақсы нәтижелер көрсеткен. Онда sms-хабарламалар сот отырысы туралы ақпарат таратылады.

«Мысалы, сізді мас күйде ұстаса немесе жолдың қарсы бағытына шығып кетсеңіз, жол-көлік оқиғасын жасасаңыз, жалған мемлекеттік нөмір тағып алсаңыз, яғни сот құзырына өтетін баптарды бұзсаңыз, сізге әкімшілік хаттама толтырылады, кейін ол сотқа жолданады. Содан соң, сізге сот отырысы өтетін күн, судьяның есімі, әкесінің аты, тегі көрсетілген смс-хабарлама келеді», - деп атап өтті Тахир Әбдірахманов.

ІІД бөлім бастығының айтуынша, қазір полиция қызметкерлері айыппұл туралы хабарды «Қазпошта» арқылы хат түрінде жолдауға мәжбүр.

«Бүгінде біз айыппұл туралы ақпаратты жеткізу үшін «Қазпоштаның» қызметін пайдаланудамыз. Бір конверттің бағасы - 400 теңге», - дейді ол.