Астана полицейлері медициналық-әлеуметтік мекеменің әйелдер қауымын құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық полиция қызметкерлері Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеменің нәзік жанды тұрғындарын 8 наурыз мерекесімен құттықтады, деп хабарлады astana.gov.kz.

Астана полицейлері медициналық-әлеуметтік мекеменің әйелдер қауымын құттықтады

Биылғы жыл полиция қызметкерлері үшін «Халықтың сенімі - полицияның күші» ұранымен өтуде. Жыл басынан бері акция аясында полицейлер қайырымдылық шаралар өткізіп, балалар үйін қамқорлыққа алды. Келе жатқан 8 наурыз мерекесі қарсаңында ІІД басшысы, полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіров Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемедегі 160 әйелді мерекемен құттықтады. Ішкі істер департаментінің қызметкерлері ұйымдастырған іс-шара нәзік жандылар үшін ерекше жарқын оқиға болды. 102-ге келген Исенова Марфуға Хамитовна мен 100 жасаған Анна Лазарева алғыстарын білдірді. Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемеде ҰОС ардагерлері де бар. ІІД басшысы Амантай Әубәкіров оларды палатада құттықтап, гүлдер мен сыйлықтар табыс етті. ҰОС қатысқан әр әйелдің өмірі ерекше. Бір бөлке нан мен бір килограмм кәмпитпен18 жасында майданға аттанған Анна Васильевна Павлова ұшақтарға жанармай жеткізуге жауапты 446-шы аэродромдық қызмет көрсету батальонына түскен. Дон, Сталинград, Орталық, Беларусь майдандарынан өтіп, Польша мен Германияда болған. Анна Васильевна рейхстаг қабырғасына өз қолымен қол қойған. Соғыстан кейін КСРО-ның әр түкпірінде жұмыс атқарып, тың игеруге келген. Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемеде тұратын әйелдердің айтуынша, оларға қонақтар көп келіп, көңіл бөледі. Полиция қызметкерлері өткізген бүгінгі шара оларды қатты қуантты, құттықтаулардан бөлек олар үшін арнайы концерт ұйымдастырылды. Полиция қызметкерлерінен құралған «Жігер» халық аспаптар ансамблінің, жол-патрульдік полиция полкі хорының музыкалық номерлері, әсіресе, әндер әйелдерді ерекше қуантты. Астана қаласының ІІД басшысы, полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіровтың айтуынша, бұл полиция қызметкерлері жоспарланған алғашқы, бірақ, соңғы шара емес. Алда мерекелер мен мерейтойлық күндер бар, оларға да полиция қызметкерлері міндетті түрде дайындалып, Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеме тұрғындарын тағы да құттықтайтын болады.