Астана полицейлерін кәсіби мерекесімен құттықтады (ФОТО)

Елордалық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіров құттықтау сөз сөйледі.
Өз сөзінде ол тәртіп сақшыларын кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың дендеріне саулық, қызметтеріне қажымас қайрат пен төзімділік тіледі, сонымен қатар, Ақтөбедегі лаңкестік кезінде қаза тапқан Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің отбасыларына ерікті түрде материалдық көмек көрсетуге қатысқан жеке құрамға алғысын білдірді, деп хабарлады Астана ІІД баспасөз қызметі.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Есім Танаберген де құттықтау лебізін білдірді. «Сіздер қызметтеріңізді ар-абыроймен атқарып, елорда аумағындағы тәртіптің сақталуын қатаң бақылап, азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғаудасыздар. Осы жауапты істе сіздерге табыстар тілеймін», - деп атап өтті ардагер.
Дәстүрге айналған Қазақстан полициясы күні қызметте ерекшеленген қызметкерлер медальдармен, ҚР Ішкі істер министрінің грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды.
Сонымен қатар, 22 маусымда Қазақстан полициясы күні мен Мемлекеттік қызметкерлер мерекесі қарсаңында Қ. Мұңайтпасов атындағы стадионда қалалық Ішкі істер департаменті мен Астана қаласы əкімдігінің қызметкерлері арасында футболдан жарыс өтті.