Астана полициясы ірі көлемде ақша ұрлауы мүмкін күдіктіні ұстады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда полицейлері қонақ үйлердің бірінен ірі көлемде ақша ұрлауы мүмкін күдіктіні ұстады. Бұл ақпарат Астана қалалық полиция департаментінің Фейсбуктегі парақшасында жарияланды деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ведомствоның мәліметінше, 29 жастағы қала тұрғыны полицияға жүгініп, қонақ үйлердің бірінде белгісіз адамның ішінде 1,5 млн теңгесі бар жолқапшығын ұрлап кеткендігіне шағымданған.
Жәбірленушінің сөзінше, ол жолқапшығын үстелге қойып, бірнеше минутқа бір жерге шығып кеткен. Қайтып келгенде затының жоғалғанын білген.
«Сарыарқа» аудандық полиция басқармасының криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру шаралары барысында бейнебақылау камерасының көмегімен ұрлық жасаған күдікті анықталып ұсталды. Күдікті 46 жасар ер адам болып шықты. Ол Астана қаласы ПД Уақытша ұстау орнына қамалды. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Ұрлық» бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдіктінің осыған ұқсас ұрлықтарға қатысының бар-жоғын тексеру жалғасуда», - деп атап өтті департамент өкілдері.
Астана қаласының полицейлері азаматтарды сақ болуға шақырады. Себебі қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтың ең көп тараған түрі «қалта ұрлығы» мен жеке мүліктерді ұрлау болып отыр.
«Осыған орай азаматтарды қырағы болуға, өз мүліктерінің сақталуын қадағалап, жеке заттарын қараусыз қалдырмауға шақырамыз. Аталған адамның заңға қайшы жасаған әрекеттері туралы қандай да бір қосымша ақпаратты білетін адамдар болған жағдайда «Сарыарқа» ауданы ПБ-ға (Ақбұғы көшесі, 2), 8(7172) 71-66-14, 71-66-76, 71-60-69 немесе 102 телефондарына хабарласуларын сұраймыз», - делінген таратылған ақпаратта.