Астана полициясы жол ережесін 555 рет бұзған көлік иесін іздестіруде
Ең көп айыппұл - 6 225 405 теңге. Ол Kia Rio және Škoda маркалы екі автокөлікке бір нөмір тағып алған жүргізушіге тиесілі. Айта кетсек, Comfort санатындағы Kia Rio көлігінің құны 2018 жылы 5,7 млн теңгені, ал Škoda Rapid Ambition-ның 2019 жылғы бағасы 6 млн 290 мың теңгені құрады. Машиналардың иесі жолда жүру ережесін 555 рет бұзған.
«Астаналық Полиция департаменті өткен жылдың сәуір айынан бастап «Борышкер» жедел-алдын алу іс-шараларын өткізді. Олардың шеңберінде қала аумағында, сондай-ақ барлық «Рубеж» бекеттерінде көлік ағынын бақылаудың автоматты жүйесін, электрондық планшеттерді және «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенін пайдалана отырып, әкімшілік айыппұл бойынша борышкерлер анықталды. Жедел-алдын алу іс-шараларын өткізу кезінде базада жоқ, жалған немесе шетелдік нөмірлер мен жалған мекенжай көрсетілген 800-ге жуық жүргізуші тоқтатылды», - делінген «Астана Innovations» АҚ-ның баспасөз хабарламасында.
Қазіргі таңда қалалық Полиция департаменті жалған немесе шетелдік нөмірлермен жүретін және өзін жазасыз сезінетін тәртіп бұзушыларды анықтауда.
Астанада өткізілген кешенді іс-шаралардың арқасында жол-көлік оқиғаларының саны - 15%, жол апаттарында зардап шеккендердің саны - 16% және жолдардағы өлім-жітім 48% азайды.