Astana Pro Team велошабандозы Б.Бозич Париж-Ницца көпкүндігінің дүйсенбілік жарысында үздік ондыққа ілінді

АСТАНА. 5 наурыз. ҚазАқпарат - Astana Pro Team велошабандозы Борут Бозич Париж-Ницца көпкүндігінің дүйсенбі күнгі жарысында спринтерлік таласта мәреге үздік он спортшымен бірге келді.
None
None

Әйтсе де бұл көрсеткіш бонустық ұпайларды иеленуге жеткіліксіз болды. Оның командалық әріптесі Кевин Зельдраерс мәреге 20 шақырым қалғанда жарақаттанып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлады команданың ресми сайты.

Топтық бәсекеде Словения чемпионы деген атағы бар Бозич, кезең сөресіне шыққан сәтте, жалпы есептегі көрсеткіші бойынша жеңімпаздан 3 секунд артта еді. Сондықтан оған кезең барысында ұпайлық бонустарға қол жеткізіп, мәреде жеңіске таласу міндеті қойылды.

«Жарыс алдындағы команда жиналысында Бозич өз күшін мәреге дейін сақтауды жөн көрді және оның болжамы бойынша жарыс ортасында сарапқа салынатын ұпайлар пелотоннан ұзап кеткен топқа тиесілі болуы керек болатын. Ол мәреге қолайлы позицияда келді, бірақ 200 метрге оңға қарай ығысып, мәрені тек тоғызыншы болып кесті. Ал команда соңғы сағатта оның мәреге алғашқылардың бірі болып келуіне жұмыс жасады», - деді Astana Pro Team спорттық директоры Дмитрий Фофонов.

195 шақырымға созылған кезең жеңімпазы атағы Франция чемпионы Насер Буханиге бұйырды және ол жалпы есепте де көш бастап, жеңімпаз жидесіне иелік етті. Бозич 3 секундтық уақыт айырмашылығымен жалпы есептің он бірінші сатысына табан тіреді.

«Астана» командасының бельгиялық велошабандозы Кевин Зельдраерс пелотон басында тізгінді қолға ұстағандардың бірі болатын, ол күні бойы пелотоннан ұзап шыққан топты қуып жетуге тер төкті. Өкінішке орай, жолдың тарылған бөлігінде 200 спортшы бірі-біріне кептеліп, Кевин жол бойындағы пластикалық межеге соқтығысып құлап қалды.

«Соңғы 20 шақырымда жарыс жолы өте қауіпті болатын, Құлаған 40 велошабандоздың ішінде Кевиннің де болғаны өкінішті-ақ, екі аяғының оның тізе тұсы қатты тілініп кеткен, сан етінің жыртылғаны да анықталды. Бірақ ол велосипедіне қайта отырып, 8 минут айырмашылығымен мәреге жетті. Жарыс аяқталысымен ауруханаға жеткіздік. Оның ертеңгі жарысқа шығу-шықпауы белгісіз» - деді Д. Фофонов.

Соңғы жаңалықтар