Астана процесі атысты тоқтатуға сеп бола алады - саясаттанушы
«Жалпы Сириядағы ахуалдың қандай екендігін барлығы да жақсы біледі. Бұл елдегі ұзаққа созылған кикілжің тек Таяу Шығыстың ғана емес, бүкіл әлемнің күрделі мәселесіне айналып отыр. Соған байланысты бейбітшілікті орнату қажеттілігі туындауда және барша әлемдік қоғамдастық оған күш жұмсау үстінде. Келіссөздердің төртінші кезеңіне қарулы оппозиция өкілдерінің қатысуына қол жеткізу барынша күрделі болды. Бұл қазақстандық дипломатия үшін де, жанжалды реттеуге мүдделі барлық тараптар үшін де серпілісті сәт болғаны анық. Соған сәйкес төртінші кезеңде ең алдымен тараптардың келіссөздер үстелінде кездесуі күтілуде. Әсіресе қарулы оппозицияны Америка Құрама Штаттары тарапынан бомбалаудан, ресейлік авиациялық әуе соққысынан кейін ахуал ушыға түсуде. Толықтай алғанда өзара қарым-қатынастағы шиеленісті төмендету мақсатында тараптар күрделі ахуалдан шығудың жолдарын қарастырады деп күтіледі», - деді Әділ Кәукенов.
Оның айтуынша, барлығының да Астанада келіссөздер үстеліне отыруға дайын екендіктерін білдіруі жанжалдасушы тараптардың кикілжіңнен шығу жолдарын іздеуді қажет етіп отырғандығын көрсетеді. Сонымен қатар саясаттанушы Сириядағы ахуалды реттеудің мүмкіншілігі әлі де болса қиын екендігін, жанжал созылмалы сипатқа ие болып отырғанын баса айтты. Дегенмен келіссөздердің кезекті раунды атысты тоқтату үшін түсіністік табуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін 3-4 мамыр күндері Сирия мәселесі бойынша Астанада өтетін келіссөздерге сириялық қарулы оппозицияның қатысатынын хабарлаған болатынбыз .