Астана процесі аясында әдепті дипломатияның барлық арсеналы қолданылған - сарапшы

БАКУ. ҚазАқпарат - Астана процесінің қатысушылары бір-біріне төзімділік танытты. Бұл пікірді «ҚазАқпарат» агенттігінің Әзербайжандағы тілшісіне берген сұхбатында Бакудің Халықаралық мультимәдениеттілік орталығының аға кеңесшісі, сарапшы әрі журналис Тофик Аббасов айтты.

Астана процесі аясында әдепті дипломатияның барлық арсеналы қолданылған - сарапшы

«Ұйымдастырушылардың еңбегін бағалай кеткен жөн, олар қажет емес олқылықтарды болдырмау үшін алдын ала барлық нюанстарды ескеріпті. Сириялық өкілдердің қатарында кереғар топтардың көп екендігі мәлім. Олардың басым бөлігі Астанада бірінші рет бір-бірімен жүздесіп отыр», - деді сарапшы.

Оның айтуынша, келіссөздерде кім кімге қарама-қарсы отырғаны маңызды емес, бастысы бұл талқылаулар өзінің оң жалғасын тапқаны қажет. Аббасовтың ойынша, бұл өте үлкен проблема, себебі майдан өтінде соғыс өртінің қайта тұтынуын болдырмау маңызды.

 

Сарапшы атап өткеніндей, ислам радикалдарының кейбір топтары әлі күнге дейін қаруларын тастамай отыр, кез келген уақытта соғыс оты тұтануы мүмкін. 

«Себебі жауапкершіліктің басым бөлігі Ресейге, Иранға, Түркияға, сонымен қатар АҚШ-қа және БҰҰ өкілі Мистураның мойнына артылады. Оларға ұйымдастырушы және келіссөздердегі делдал ретінде дағдарысты шешудің жалпы бағытын жасақтау үшін әдепті дипломатияның барлық арсеналын іске қосу керек», - деді ол.

Сонымен қатар сарапшының атап көрсеткеніндей, аталмыш процеске қазақстандық дипломатияның қатысуы үлкен рөл атқарады. Себебі келіссөздердің Астанада өтуіне барлық қатысушылар қазақстандық тарапқа өздерінің сенім вотумын жолдады.

«Астана келіссөздер процесінің қатысушысы болмағанның өзінде, қазақстандық дипломатия бұл алаңда маңызды рөлді атқарып отыр. Астанаға барлығы құлақ түреді, бүкіл қатысушылармен бірдей сенімге ие болған қазақстандық тарапқа сенеді әрі оның ұсыныстарын тыңдауға дайын», - деп атап өтті Аббасов.  

«Астана процесінің алдын ала нәтижесі сеңді қозғалта білгендігінде. Бұл нәтижелер жемісті және әлеуетті болуы үшін, делдардардың арасында келіспеушіліктердің орын алмауына үлкен мән беру керек. БҰҰ-дағы Сирияның ресми өкілі Башар аль-Джафари келіссөздерге Түркияның қатысуын жақтыртпады. Дегенмен оның бұл қылығы процесс барысына бәлендей әсер ете қойған жоқ», - дейді саясаттанушы.

Сонымен бірге ол қорытынды құжаттың маңыздылығына да тоқталды. Егер тараптар ортақ бітімге келетін болса, Астана Сирия дағдарысын шешудегі бірінші әрі ең маңызды белесті еңсереді.

«Әлемдік сарапшылық ортада, медиакеңістікте Астана процесінің бірінші күніне қатысты бірыңғай пікір қалыптасып үлгерген жоқ. Кейбір сарапшылар Астанадағы келіссөздердің алғашқы күні оптимистік тұрғыда бағаласа, екіншілері пессимистік тұрғыда бағалауда. Дегенмен, келіссөздердің басталуының өзін жеңіс деп санайтын оптимистер ақиқатқа жақындау дегім келеді. Сирия өкілдерінің олқы қылықтары болғаны рас. Бірақ кез келген өткір келіссөздер онсыз өтпейді. Оппозицияның өз бәсекелестеріне деген наразылығы жиналып қалғаны даусыз. Эмоциялар да көп, бұндай ұсақ оқиғалар мен олқылықтардың орын алуы - сұхбаттың жетіспеушілігінен болып отыр», - деп атап өтті сарапшы.

Оның ойынша, бейбіт жоспарды жасақтау жолы осындай сұхбаттардан тұрады. Сондықтан барлық қатысушылардың сұраныстары мен талаптарын жеке-жеке талдаған абзал.

«Егер Астана процесі сәтті аяқталса, ақпан айында келіссөздердің Женевадағы кезеңі өтеді. Онда дағдарысты бейбіт шешу жоспары бекітілуі ықтимал. Бірақ Астана процесінде аталмыш ахуалды шешу жолдарының негізі қалануы да әбден мүмкін», - деп түйді сөзін сарапшы.