Астана процесі: Еуропарламент депутаты Сирияның болашағын ойлауға шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Еуропалық парламент депутаты, ЕП-ның шетел істері жөніндегі комитетінің мүшесі Анрейс Мамыкинс Дамаскі мен қарулы оппозиция өкілдерін Астанадағы сирияаралық келіссөздер барысында өркөкіректіктен арылып, Сирияның болашағын ойлауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың Брюссельдегі арнаулы тілшісі Тимур Дүйсекеев.

Астана процесі: Еуропарламент депутаты Сирияның болашағын ойлауға шақырды

«Астанада қазірдің өзінде сириялық реттеуге қатысты ілгерілеу орын алды. Барлық тараптардың келіссөздердің бір үстелі басына отыруының өзі оң нәтиже. Яғни, бұған дейін ол мүмкін болмаған еді.  Сирияның қарулы оппозициясы мен үкімет өкілдері бір-бірінің көзіне тік қарау мүмкіншілігін алды. Ал бұл қазіргі сәттегі үлкен жетістік», - деді Мамыкинс.

Дегенмен еуропарламент депутаты мұның жеткіліксіз екендігін мойындай келе қарулы қақтығысты доғару режімінің нығая түсуіне үміт артатындығын баса айтты.  Сонымен қатар ол Астана келіссөздері аясында Сирия үкіметі мен оппозиция өкілдері өздерінің өркөкіректігін басып,  жеке бастарының пайдасы емес мемлекеттің мүддесіне мойын бұратындығына үміт артатындығын баса айтты.

Мамыкинс Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана кездесуін ұйымдастырудағы еңбегіне де  айрықша тоқталып өтті. «Президент Назарбаев тараптардың келіссөздердің бірыңғай үстеліне отыруы үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Қазақстан басшысының жеке саяси рейтингісінің өте жоғары екендігін және оны тыңдайтындығын естен шығармау қажет», - деді ол.