Астана процесі Сирия халқының бейбіт өмірге деген үмітін қайта оятты
Бұл туралы бүгін Астана процесі үшінші раундының аяқталуына орай өткен брифингте ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың толық қолдауымен және тікелей атсалысуымен басталған Сирия бойынша Астана процесінің үшінші раунды аталған елдегі атысты доғару режімін нығайтуға, сонымен қатар әскери және гуманитарлық мәселелерді талқылауға бағытталды. Кепілдік беруші мемлекеттер Ресей, Түркия және Иранның жоғары лауазымды делегациялары Астана платформасында осыған дейін әскери салада қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуы барысын талқылап, Сириядағы дағдарысты реттеу бойынша үшжақты өзара іс-қимылды нығайту жолдарын қарастырды», - деді ол.
Оның атап өтуінше, Женева процесінің ажырамас бөлігі болып табылатын бұл келіссөздер 6 жыл бойы қарулы қақтығыс зардабын тартып келе жатқан Сирия халқының бейбіт өмірге деген үмітін қайта оятқан.
«Қазіргі таңда халықаралық қоғамдастық Астана процесіне зор сенім артып, мұнда қол жеткізілген уағдаластықтарға жоғары баға беруде», - деді Камалдинов.
Айта кетейік, бұған дейін Сирия бойынша Астанада процесінің бірінші кезеңі 23-24 қаңтарда ұйымдастырылған болатын. Ал 16 ақпанда келіссөздердің екінші кезеңі өткен еді.