Астана процесі тиімділігін көрсетті - АҚШ Елшісі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сирия мәселесін реттеу жөніндегі Астана процесі барынша тиімді. Бұл туралы бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонға ресми сапарының қорытындысына орай БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джордж Крол айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта Сириядағы қантөгіс айтарлықтай төмендеді. Біз Астана процесі Сирия аумағындағы қантөгісті төмендетуде барынша тиімді болды деп санаймыз. Аталған келіссөздерге қатысушылардың жұмысына жоғары баға береміз. Келесі кезең саяси болып отыр. Проблеманың қандай да бір саяси шешімін табу қажет», - деді Джорд Крол.
Айта кетейік, 2017 жылдың 22 желтоқсанында өткен 8-ші кездесудің қорытындысында Ресей, Иран және Түркия өкілдері Астана процесінің кезекті раундын ақпан айының ортасында өткізетіндіктерін жария еткен болатын.
«Кепілгер елдер Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа және қазақстандық билікке Астанада Сирия жөніндегі халықаралық 8-ші кездесуді жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін шынайы ризашылығын білдіреді. Және де Астанада жоғары деңгейдегі Сирия жөніндегі келесі халықаралық кездесуді 2018 жылдың ақпан айының ортасында өткізу туралы шешім қабылдайды», - делінген халықаралық кездесудің қорытындысына орай ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов оқып берген кепілгер елдердің бірлескен мәлімдемесінде.