Астана процесі Женева пішімі динамикасын жақсартады - сарапшы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана процесі Женева пішімі динамикасын жақсартады.
Мұндай пікірді «Парасат» жүйелі зерттеулер институтының директоры Нұрсұлтан Ахмедия білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Астана процесі пішімі ең бірінші кезекте, қатысушы тараптардың нақты ұстанымдарын талқылау үшін келіссөздерді топшылайды және іс жүзінде нақты шешімдерге қол жеткізуге деген тараптардың ерік-жігері мен дайын екендіктерін көрсетеді. Астана процесі Женева пішімінің динамикасын жақсарта түсетіндігі анық. Бәріміз білетіндей бұл келіссөздердің бастамашысы Ресей мен Түркия Президенттері екендігін атап өткім келеді. Олар біздің Президентке алаң ұсынуды өтініп, жүгінген болатын», - деді сарапшы.
Оның айтуынша, Астана өзінің бітімгерлік күш-жігері арқылы бәріне де танымал. Тіпті, соңғы жылдар ішінде түрлі жанжалдарды реттеудегі Астананың рөлі күшейе түсті.
«Бұған қоса, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қазіргі мәртебесі де Астананы әлемдік ауқымдағы және мәндегі оқиғаларға белсенді қатысуға итермелейді», - дейді Нұрсұлтан Ахмедия.