Астана процесіне қатысушылар Сочиде сирияаралық конгресс өткізуге уағдаласты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сочиде Ұлттық диалогтың сирияаралық конгресі өтеді. Бұл жайында бүгін сириялық қақтығысты реттеу жөніндегі Астана процесінің 7-ші халықаралық кездесуіне қатысушылар уағдаласты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана процесіне қатысушылар Сочиде сирияаралық конгресс өткізуге уағдаласты

Кездесудің қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты барысында Сирия Араб Республикасының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Башар аль-Джафари ұлттық диалог конгресінің Сирия мен Ресей арасындағы ұзақ уақытқа созылған диалог пен үйлестіру іс-қимылдарының  нәтижесі екендігін атап өтті.

«Майдандағы жағдайды, сонымен қатар Сириядағы лаңкестік әрекеттердің азаюын ескере отырып, біз мұндай конференцияны өткізетін қолайлы сәт туындады деп шештік. Әрине, біз оған қатысуға дайынбыз. Бастапқыда конференцияны Сирияда  өткізу ұсынылған еді. Кейіннен өткізу орны ретінде Ресей таңдалды», - деді ол.

Ал РФ Президентінің Сирия жөніндегі арнаулы елшісі Александр Лаврентьев аталған сирияаралық маңызды кездесуді бастапқы кезде Сирияның өзінде өткізу нұсқасы қаралғандығын растады.

«Бірақ қауіпсіздікті қажетті деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейтін орын алған жайттарды ескере келе, бұл шараны Ресей аумағында өткізу туралы шешім қабылданды. Аталған форумды өткізуге ең қолайлы нұсқа Сочи қаласы  болмақ дегенді мен таяуда ғана естіп білдім. Өздеріңізде білесіздер, аталған конгрестің барлық қатысушыларының қауіпсіздік мәселесін айтпағанның өзінде ол жерде сәйкесінше инфрақұрылым мен мүмкіншілік бар», - деді Лавреньтев.