Астана процесіне сириялық 9 оппозиция өкілі қатысуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана кездесуіне сириялық 9 оппозиция өкілі қатысуда.
Бұл жайында ҚР Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің директоры Айдарбек Тұматов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Барлық тараптар, кепілгер елдердің делегациялары кеше келген болатын. Бүгін таңертең оппозиция делегациясы келді. Оны өздеріңіз де білетіндей «Джейш аль-Ислам» тобының өкілі Мохаммед Аллуш басқарады. Түркия делегациясы да осында. Олардың да өкілдері өте жоғары деңгейде жасақталған. Оппозициядан 9 адам, яғни 9 топтың өкілі», - деді ол.
Оның айтуынша, тараптар бүгін келіссөздерді аяқтауы тиіс.
«Негізінен соғысты тоқтату режімі мониторингін қадағалап отыратын жедел топ құру туралы ереже мәселелері қарастырылады. Сонымен қатар қазіргі уақытта қорытынды мәлімдеме мәтіні қарастырылу үстінде», - деді Тұматов.