Астана процесінің алғашқы күні сақтыққа толы үмітке жетелейді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана процесінің алғашқы күні сақтыққа толы үмітке жетелейді. Мұндай пікірді ҚазАқпарат тілшісіне келіссөздерді ұйымдастыру шараларына қатысы бар дереккөз мәлім етті.
«Астанадағы сириялық реттеу жөніндегі халықаралық кездесудің алғашқы күні пікірсайысты келесі күні жалғастыру шешімімен аяқталды. Сирия үкіметі мен қарулы оппозиция өкілдерінің алғаш рет бір-бірімен бетпе-бет келіссөз алаңында кездесуінің, жалпы отырыста бір үстел басында отырып қана қоймай, соғысты тоқтату режімін нығайту жолдарын тыңғылықты талқылауға дайын екендігін білдіруінің өзін оң бағалауға болады», - деді ол.
Оның айтуынша, сириялық үкімет пен оппозиция арасындағы барлық мәселелерді талқылау БҰҰ-ның арнаулы елшісін арағайындыққа жұмылдыру арқылы тікелей келіссөздер емес форматында өтуде.
«Толықтай алғанда, алғашқы қадам Астанада жасалды. Оны сақтыққа толы үмітке жетелейді деуге де болады. 24 қаңтарда сириялық реттеу жөніндегі кездесудің кепілгер елдері келіссөздерді және әлеуетті бірлескен құжат төңірегіндегі жұмысты жалғастырады», - деді дереккөз.
Айта кетейік, Астана процесіне 7 тараптың өкілі қатысуда. Атап айтқанда, Сирияның үкіметтік делегациясын БҰҰ жанындағы осы елдің тұрақты өкілі Басар аль-Джафари басқарады. Сириялық оппозиция делегациясында шамамен 15 оппозициялық топтың өкілі бар. Ресей делегациясына РФ Президентінің сириялық реттеу мәселелері жөніндегі арнаулы өкілі Александр Лаврентьев басшылық жасауда. Түрік және иран делегацияларының басшылары аталған мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары - Седат Онал мен Садек Хусейн Джабери Ансари. Мұнан бөлек, сириялық дағдарысты реттеу процесіне БҰҰ бас хатшысының Сирия жөніндегі арнаулы өкілі Стаффан де Мистура мен Қазақстандағы АҚШ Елшісі Джорд Крол де қатысуда.