Астана процесінің қорытынды құжатына кім қол қояды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы сириялық реттеу жөніндегі кездесудің нәтижесі бойынша қабылдануы жоспарланып отырған қорытынды құжатқа кепілгер елдер Ресей, Түркия және Иран қол қоюы тиіс.
Ресей Жаңалықтар агенттігінің хабарлауынша, бұл жайында РФ-нің Қазақстандағы кеңесші-елшісі Александр Мусиенко мәлім еткен.
«Әрине, кепілгер елдер. Кепілгер елдер қол қоймаса ол жүзеге аспайды», - деді Мусиенко «кезесудің қорытынды құжатына кімдер қол қояды?» деген сауалға жауап бере келе.
Оның атап өтуінше, жалпы құжатқа Сирия үкіметтік делегациясының да және оппозия тарабы да қол қойғаны дұрыс болар еді.
Сонымен қатар ол «кепілгер елдердің қол қойғаны жеткілікті ме?» деген сауалға да жауап берді. «Барлық пирамида осыған - кепілгер елдердің қолына негізделеді», - деді ол.
Еске сала кетейік, бүгін, 16 ақпан күні Сирия ахуалын реттеуге байланысты Астана процесінің аясында жоғары деңгейде кезекті отырыс өтеді. Сириядағы атысты тоқтатуға кепілдік беріп отырған Ресей, Түркия мен Иран мемлекеттерінің xабарлауынша, отырыста Сирия жерінде әскери іс-қимылды тоқтату режімін сақтау мәселелері, соның ішінде нақты территорияларда аxуалды тұрақтандыру жайы сөз болады деген жоспар бар. Сондай-ақ бірлескен шұғыл топ туралы ереже қабылданып, бітімгерлік режімді күшейту және Женева келіссөздері алдындағы басқа да шаралар талқыға салынбақ. Астанадағы кезекті кездесуге Иордания Корольдігі, Сирия Араб Республикасы, сол жердегі қарулы оппозицияның өкілдері, БҰҰ Бас xатшысының арнайы өкілі С. Де Мистура, сондай-ақ АҚШ бақылаушы ретінде шақырылып отыр.
Бұған дейін Сирия мәселесін реттеуге арналған Астана процесінен кейін елордада xалықаралық теxникалық кездесу өткен болатын. Соның нәтижесі бойынша РФ Қарулы Күштері Бас шұғыл басқарма басшысының орынбасары, генерал-майор Станислав Гаджимагомедов мәлімдеме жасаған еді.