Астана прокуратурасы инвестордың құқығын қорғап, 20 млн долларлық жобаны іске қосты
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің үйлестірумен жаңа цех салып жатқан «Көмек Машинери Қазақстан» ЖШС-нің құқығын қорғады. Бұл туралы қалалық прокуратура мәлім етті.
Компания нарықта 2008 жылдан бері жұмыс істейді, жүк техникасына қызмет көрсетуге және жөндеуге маманданған.
— Шетелдік инвестициялар есебінен іске асырылатын жобаның жалпы құны 20 млн АҚШ долларын құрайды. Нысанды іске қосу 50 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Прокуратураның мәліметінше, инвестор мемлекеттік сараптамадан өту кезінде кедергілерге тап болған. Су қорғау белдеуінің шекараларын ауыстыру қажеттілігі туындаған. Сонымен қатар, компанияға құрылыс-монтаждау жұмыстарына (ҚМЖ) рұқсат бермей қойған.
Осы мәселеге қатысты қала прокуратурасы уәкілетті органдармен кеңес өткізген. Қабылданған шаралардың нәтижесінде әкімдік су қорғау белдеуінің шекарасын ауыстыру туралы қаулы шығарып, ал инвесторға ҚМЖ жүргізуге талон берілген.
Бүгінгі таңда инвестордың құқықтары қорғалған, цех құрылысы басталды.
Бұған дейін прокуратура заңсыз мемлекеттік сатып алудың жолын тоқтатты.