Астана прокуратурасы Бишімбаевтың ісін сотқа жолдады

Бұл туралы прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады. Бұған дейін экс-министрді тұтқында ұстау мерзімі екі рет ұзартылған еді.
Еске сала кетсек, 2017 жылдың 10 қаңтарында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын мәлімдеген болатын. Ұлттық бюродан хабарлағандай, ол бір топ адаммен алдын ала келісіп, ірі көлемде бірнеше мәрте пара алды деп айыпталуда. Бишімбаев Қызылорда қаласында шыны табақ шығаратын және өңдейтін зауыт салу кезінде «Orda Glass» ЖШС-ның ведомстволық бағыныстағы компаниясы мен оның мердігерлік ұйымы «Шымкентхиммонтаж» ЖШС арқылы 1 млрд теңге жымқыру қылмыстық схемасын ұйымдастырды деген күдікке ілінді. 12 қаңтар күні Астана қаласы Алматы аудандық №2 соты Қуандық Бишімбаевқа қатысты оны «қамауға алу» туралы санкция берді. Тергеу нұсқасы бойынша, Бишімбаев заңсыз жолмен алған ақшалай қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
Бишімбаев Президенттің жарлығымен 2016 жылдың 28 желтоқсанында министр қызметінен босатылды. Ол бұл лауазымда 8 ай жұмыс істеді. 2013 жылдың 30 мамырынан 2016 жылдың 5 мамырына дейін « «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі» АҚ-ның басқарма Төрағасы болды.