Астана прокуратурасы құрылыс мекемелерінің жұмысшыларына үндеу жариялады
«Астана қаласының аумағында өндірістегі жарақат алу оқиғалары жиілеуде. Қазақстан Республикасы Конституциясының 24 бабы әркімнің қауiпсiздiк пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғалуға құқығы бар екендігін кепілдік береді. Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің 308 бабы 2 бөлігінде жұмыс берушілер мен қызметкерлер Қазақстан Республикасының аумағында өз қызметін жүзеге асыру кезінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарды орындауға міндетті екендіктері және 317-бабы 1-бөлігінің 14-тармағында жұмыс беруші қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге міндетті екендігі көрсетілген. Қызметкердің еңбек қауіпсіздігіне және еңбекті қорғауға, еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғаудың жай-күйі туралы толық және дәйекті ақпарат алуға, еңбек шартының, ұжымдық шарттың талаптарына сәйкес уақтылы және толық көлемде жалақы төленуіне, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сәйкес жабдықталған жұмыс орнына, жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен, арнаулы киіммен қамтамасыз етілуге және т.б. құқы бар», - делінген Үндеуде.
Сонымен қатар Үндеуде жұмысшы өзінің денсаулығына немесе өміріне қауіп төндіретін жағдай туындаған кезде бұл туралы тікелей басшыны немесе жұмыс берушінің өкілін хабардар ете отырып, жұмысты орындаудан бас тартуға, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға сәйкес келмеуі себепті ұйымның жұмысы тоқтатыла тұрған уақытта орташа жалақысының сақталуына құқығы бар екені қамтылған.
«Кодекстің 14-бабы бойынша Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының бұзылуына кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады. Жоғарыда айтылған жайттарды ескере отырып, еңбек заңнамаларының заңдылығын қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтар мен қылмыстардан ескерту мақсатында, қауіпсіз еңбек заңнамаларын сақтауды қамтамасыз етуге Сіздердің назарларыңызды аударамыз», - делінген Үндеуде.